Катонқарағай әуежайының ашылуы 2026 жылдың желтоқсанына шегерілді

Ulysmedia
Pixabay

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында салынып жатқан жаңа әуежай құрылысы аяқталуға жақын. Алайда нысанның пайдалануға берілу мерзімі бастапқы жоспардан кейінге қалдырылды. Енді әуежайды ресми түрде 2026 жылдың желтоқсанында ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙ

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы әуежай құрылысын 2026 жылдың қыркүйегінде аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлаған болатын.

Жоба жетекшісі Нұржан Ескендіровтің айтуынша, мердігерлер жылдың соңына дейін негізгі жұмыстарды аяқтауға бар күшін салып жатыр. Құрылыс қысқа жылы маусым мен таулы өңірдің қатал климаттық жағдайында жүргізілуде. Соның салдарынан әуежайдың ашылу мерзімі үш айға шегеріліп, 2026 жылдың желтоқсанына белгіленді.

Astana TV телеарнасының мәліметінше, құрылыс алаңындағы ең маңызды кезеңдердің бірі – ұшу-қону жолағының құрылысы толық аяқталған.

Жолақтың сипаттамалары:

  • ұзындығы – 2 мың метрден астам;

  • ені – 35 метр.

Бұл ұшу-қону жолағы Bombardier Q400 секілді заманауи орта сыйымдылықтағы турбовинтті жолаушылар ұшақтарын және осы санаттағы басқа да әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар әуеайлақ перроны толық дайындалып, әуежайға қатынауды жеңілдету үшін республикалық маңызы бар автожолдың 5 шақырымдық кіреберіс бөлігі төселген.

КҮРДЕЛІ ЖЕР БЕДЕРІНІҢ ӘСЕРІ

Таулы аймақтың күрделі жер бедері құрылыс жұмыстарының қарқынына әсер еткен.

– Болашақ әуежай аумағынан 2,5 миллион тоннадан астам топырақ шығарылды. Жер бедерінің күрделілігіне байланысты ғимараттар мен құрылыстардың беріктігін қамтамасыз ету үшін қосымша шамамен 3 шақырым тіреу қабырғаларын салуға тура келді, – деді Нұржан Ескендіров.

Қазіргі уақытта нысанда жолаушылар терминалы, техникалық ғимараттар және «Қазаэронавигация» РМК-ның арнайы инфрақұрылымдық нысандарының құрылысы жалғасып жатыр.