Миллионер Артықбаев «Қазақтелекомдағы» үлесін мемлекетке сатты

Ulysmedia
Ulysmedia.kz

Кәсіпкер Нұрлан Артықбаевқа тиесілі компания «Қазақтелеком» акционерлерінің қатарынан шықты. Оның үлесін «Самұрық-Қазына» қоры сатып алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Акциялар жаңа иесіне өтті

«Ручная экономика» Telegram-арнасының мәліметінше, Нұрлан Артықбаевқа тиесілі TelecomSystems Ltd енді «Қазақтелекомның» акционерлері қатарында жоқ. Компания байланыс операторының жай акцияларының 8,9%-ына иелік еткен.

Айта кетейік, 983 мың акциядан тұратын бұл үлесті TelecomSystems Ltd 2024 жылдың соңында Jusan Bank-тен (қазіргі Alatau City Bank) сатып алған болатын.

«Ручная экономика» арнасының жазуынша, Jusan Bank «Қазақтелекомның» жай акцияларының 9%-ын 2023 жылдың қыркүйегінде банк Ғалымжан Есеновтің бақылауына өткеннен кейін сатып алған. Ол кездегі мәміле құны 32 млрд теңгеден асқан.

Биыл сәуір айында «Самұрық-Қазына» қорының «Қазақтелекомдағы» үлесі 91,27%-ға дейін ұлғайғаны белгілі болды. Сол кезде сарапшылар мемлекеттік қор TelecomSystems Ltd-нің үлесін сатып алған болуы мүмкін деген болжам айтқан еді. Енді бұл ақпарат расталып отыр.

Артықбаевтың бизнесі

Нұрлан Артықбаев – Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің бірі. Forbes Kazakhstan рейтингінде ол 21-орында тұр. Басылым оның байлығын 508 млн доллар деп бағалайды.

Кәсіпкердің негізгі активтері құрылыс саласында шоғырланған. Бұған дейін Нұрлан Артықбаев Қазақстандағы ірі ұялы байланыс операторларының бірі – Kcell акциялар пакетіне бақылау орнатқаны хабарланған еді.