Мәртебелі мейманның сапары: Қазақстан үшін Еуропамен әріптестіктің құны қандай

Ulysmedia.kz коллажы

Жексенбінің кешінде Астанаға Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильда келді. Әуежайда оларды Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алды. Алда – Астана мен Алматыдағы кездесулер, келіссөздер, бизнес өкілдерімен және университет басшыларымен жүздесулер бар. Алайда бұл сапардың мәні дипломатиялық хаттамамен ғана шектелмейді. Еуропаға Қазақстан не үшін қажет? Ал Қазақстан осы әріптестіктің есесіне не алмақ?

Монархтың мемлекеттік сапары – дипломатиядағы айрықша құрал. 2025 жылы Филипп пен Матильда Вьетнам мен Чилиге мемлекеттік сапармен барса, 2026 жылғы наурызда Норвегияда болды. Енді Қазақстанға табан тіреді. Әр сапардың өз мәні бар. Олардың географиясы мен мазмұны Бельгия дипломатиясының негізгі бағытын аңғартады: сауда, өнеркәсіп және жеткізілім тұрақтылығы үшін маңызды серіктестермен байланысты нығайту. Бұл – сапарлардың бағыты мен мазмұнына қарап түйгенім.

Филипп Қазақстанға алғаш рет келіп отырған жоқ. Ол тақ мұрагері кезінде 2002, 2009 және 2010 жылдары елімізге ат басын бұрған. Бірақ бұл жолғы сапарының жөні бөлек: ол Қазақстанға мемлекет басшысы ретінде алғаш рет келді. Оның үстіне, Орталық Азия елдеріне осы мәртебеде жасаған алғашқы сапары. Делегация құрамында 110 адам бар. Олардың ішінде 25 компания басшысы мен он университет ректоры бар. Сапардың мақсатын салтанатты сөздерден гөрі осы құрамның өзі анығырақ аңғартады.

Еуропалықтар ақшаның есебін жақсы біледі. Корольдік хаттаманың ар жағында нақты мүдделер тұр: тауар жеткізу, нарыққа шығу, технология алу және көлік бағыттарын дамыту. Бельгия тарапы да геосаяси сын-қатерлер жағдайында серіктестер шеңберін кеңейтуге ұмтылатынын ашық айтып отыр.

Сондықтан бұл сапарды Қазақстанның халықаралық беделі өсіп келе жатқанының ғана белгісі деп түсіндіруге асықпас едім. Бедел елге тиімді шарттар жасауға көмектескенде ғана маңызды. Қонақтың жоғары мәртебесіне қарап, Қазақстанға мол пайда түседі деп қорыту асығыстық.

Әңгіме мұнайға да тіреледі. Еуропалық одақ Қазақстанның мұнай мен уран жеткізушісі ретіндегі маңызын ресми түрде мойындайды. Бірақ Еуропаның қазіргі қызығушылығын «оларға біздің мұнайымыз бен газымыз керек» деген бір ауыз сөзге сыйғызу тым қарабайыр болар еді. Әсіресе газға келгенде. Сатып алушының сұранысы – келісілген жоба, жеткізуге дайын бос көлем немесе нақты тасымал бағыты бар деген сөз емес.

Мәселе әлдеқайда ауқымды. Еуропа экономикасының осал тұстарын азайтудың жолын іздеп отыр. Оған сенімді жеткізушілер мен кезекті саяси дағдарыс кезінде үзілмейтін жеткізу тізбектері қажет. Қазақстан Еуропаға бірнеше қырымен қызық. Сапардың ресми бағдарламасында сирек әрі стратегиялық маңызы бар минералдар мен Транскаспий халықаралық көлік бағытына арнайы назар аударылған. Бельгия шикізатты өңдеу және қайта пайдалану саласында тәжірибе жинақтаған. Қазақстанның артықшылығы –табиғи ресурстары мен географиялық орналасуы.

Нағыз саяси сауданың мәні осы тұстан басталады.

Біз жеткізілім туралы жаңа келісімдер жасасып, бұрынғы үлгіні жалғастыра аламыз: шикізат сыртқа кетеді, ал қосылған құнның басым бөлігі шетелде қалыптасады. Немесе Қазақстанда өңдеу өндірістерін ашуға, инженерлер даярлауға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және қазақстандық компанияларды өндірістік тізбектерге қосуға күш сала аламыз.

Еуропалық бизнеске жеткізілімнің тұрақтылығы қажет болса, Қазақстан да инвестицияның тұрақты болуын талап етуге құқылы. Серіктестерімізге кен орындарымыз керек болса, бізге кезекті келісімшарттың мерзімі біткеннен кейін де елде қалатын технология қажет.

Көлік саласында да осы қағида қолданылады. Географиялық орналасу тек нақты экономикалық артықшылыққа айналғанда ғана пайда әкеледі. Ол үшін жүк уақытында жетіп, тарифтер түсінікті болып, порттар мен теміржолдар қажетті жүктемені көтере алуы керек. Сондықтан Орта дәлізге деген қызығушылық оның өткізу қабілетін арттыратын инвестицияға ұласуға тиіс. Әйтпесе Қазақстан таныстырылым картасындағы әдемі бағыттың бірі ғана болып қалуы мүмкін.

Тағы бір маңызды мәселе – атом энергетикасы.

Бельгияның бұл салада бізге пайдалы болатын мол тәжірибесі бар. Оны жан-жақты зерттеген жөн. 2024 жылы «Дул» және «Тианж» атом электр станциялары елдегі электр энергиясының жалпы өндірісінің 41,3 пайызын қамтамасыз етті. 2025 жылғы наурызда ENGIE компаниясы мен Бельгия үкіметі Doel 4 және Tihange 3 реакторларының жұмыс мерзімін он жылға ұзарту жөніндегі келісімді рәсімдеуді аяқтады. Бұл –атом станцияларын пайдалану, жаңғырту, сондай-ақ шығын, қауіпсіздік пен мемлекеттің жауапкершілігіне қатысты күрделі шешімдер қабылдау тәжірибесі.

Қазақстан өз атом энергетикасын дамытуға кіріскен тұста мұндай әріптестіктің құны инженерлік білім алмасудан, мамандар даярлаудан және технология жеткізушілерінің ұсыныстарын өз бетінше бағалай білу қабілетін қалыптастырудан көрінуі мүмкін. Мәселен, Tractebel компаниясы ядролық энергетикаға инженерлік қолдау көрсету саласында 60 жылдан астам тәжірибесі барын және әлемнің 25-тен астам елінде жұмыс істейтінін мәлімдейді.

Мықты тапсырыс беруші өзіне нақты қандай технология ұсынылып отырғанын, оның ондаған жыл ішіндегі толық құны қанша болатынын және тәуекелдер үшін кім жауап беретінін білуге тиіс. Мұндай біліктілік те егемендіктің бір бөлігі.

Алайда Tractebel атауы Бельгиямен қарым-қатынасымыздың басқа бір қырын да еске салады. 1990-жылдары компания Алматының электр энергетикасы активтеріне бақылау орнатты, кейін газ тасымалдау жүйесін пайдалануға да араласты. Оның Қазақстандағы қызмет тарихы қаржылық дау-дамайлармен қатар жүрді. 2002 жылы Le Monde басылымы қазақстандық жобаларға байланысты тергеулер, офшорлық құрылымдар және жасырын комиссиялық төлемдер болуы мүмкін деген болжамдар туралы жазды. Компания мұндай жүйе болғаны жөніндегі айыптаулармен келіспеген. 2000 жылы ол аталған активтерін сатты.

Бұл оқиғаны жаңа келісімдердің сапасын ойлау үшін еске алған жөн. Инвестордың еуропалық болуы мәміленің ашық әрі адал жүргізілетініне кепілдік бермейді. Оған келісімшарт талаптарының анықтығы, бақылау тетіктері, міндеттемелердің ашықтығы және екі тараптың жауапкершілігі кепіл болуы керек.

Бельгияның бізге пайдалы тағы бір тәжірибесі бар. Ол – теңіздегі жел энергетикасы мен электр желілерін дамыту. Princess Elisabeth энергетикалық аралы теңіздегі жаңа жел электр станцияларын құрлықтағы электр жүйесіне қосатын торап ретінде жобаланған. Қазақстан үшін мұндағы басты сабақ –электр энергиясын өндіретін қуаттарды салумен қатар, сол энергияны қабылдап, тұтынушыға жеткізе алатын инфрақұрылымды да қатар дамыту.

Еуропамен кемел әріптестік дегеніміз – оның қажеттілігін түсініп қана қоймай, өз мүддемізді де нақты тұжырымдай білу. Меніңше, Қазақстан серіктестер шеңберін кеңейткеннен ұтады. Бірақ көпвекторлы саясат елдің таңдау мүмкіндігін көбейтіп, келіссөздегі ұстанымын нығайтып, белгілі бір жеткізушіге, нарыққа немесе көлік бағытына тәуелділігін азайтқанда ғана нәтиже береді.

Біздің мүмкіндіктеріміз шексіз емес. Капитал мен технология үшін көп ел бәсекелесіп отыр. Еуропаның Қазақстанға деген қызығушылығы ұзақ мерзімді жобаларға ұласуы үшін өзіміз де түсінікті ережелер, орындалатын келісімшарттар және сенімге ие мемлекеттік институттар қалыптастыруымыз керек.

Корольдік жұпты президенттің өзі қарсы алуы екіжақты қарым-қатынасқа жоғары талап қойылғанын аңғартады. Енді сол талапты министрлер, келіссөз жүргізушілер мен компания басшылары ақтауға тиіс.

Қонақтар елден кеткен соң мен бұл сапардың нәтижесін нақты сауалдармен бағалар едім. Қазақстанда қандай өндіріс орындары ашылады? Қандай технологияларды меңгереміз? Қанша маман даярланады? Инвесторлар қандай міндеттеме алады, ал мемлекет мойнына не жүктеледі?

Король келді. Бұл – дипломатия үшін маңызды оқиға. Бірақ Еуропаның Қазақстанға деген қызығушылығы еліміздің дербестігін нығайтып, білімін арттырып, халқының әл-ауқатын жақсартуға қызмет еткенде ғана мұны шынайы саяси жеңіс деп бағалауға болады.