"Сізден басқаның бәрі кінәлі": Бектенов Сұлтанғазиевтің жауабына қанағаттанбады

Ulysmedia
Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет отырысында энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның жүзеге асырылу барысы қаралды. Жиында кейбір өңірлердегі жұмыстардың жоспардан кешігіп жатқаны айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

МӘН-ЖАЙ

Ресми мәліметке сәйкес, Алматы облысында 2026 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жобаларының орындалу деңгейі 50 пайыз болып отыр.

Өңір әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, қалған жұмыстар қараша айының соңына дейін толық аяқталады.

Алайда облыстағы жобалардың баяу жүруі Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің сынына себеп болды. Әкім кідірістердің себептерін түсіндіруге тырысқанымен, премьер-министр жауапкершілік мәселесіне назар аударды.

Бұған дейін Алматы облысы жөндеу жұмыстарына қатысты өтінімдердің аз болуына байланысты «қызыл» аймаққа енгені белгілі болған.

Сұлтанғазиевтің сөзінше, өңірде жалпы құны 62,9 млрд теңге болатын 10 жоба жоспарланған. Оның ішінде екі жоба бойынша конкурс прокуратураның ұсынысымен қайта өткізіліп жатыр. Сонымен қатар Қаржы министрлігі аталған жобаларды қаржыландыруы тоқтатылатын басым емес жобалар тізіміне енгізген.

Премьер-министр әкімнің баяндамасын тыңдап, мұндай көрсеткіштерге қатысты нақты жауапкершілік байқалмайтынын айтты.

–  Сізді тыңдасақ, сізден басқаның бәрі кінәлі, – деді Олжас Бектенов.