Павлодарда 25 жастағы әйел тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарынан құлаған заттан басынан ауыр жарақат алды. Болжам бойынша, ол мұз кесегі болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙ
Оқиға 8 шілде күні сағат 12:30 шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, қала тұрғыны үш жасар қызымен бірге дүкенге бара жатқан. Сол сәтте оның басына жоғарыдан ауыр зат түскен.
Қатты соққыдан кейін әйел басын ұстап, отыра кеткен. Ал баланың арбасы төмен қарай сырғып кеткен. Қатты ауырсыну мен қан кетуге қарамастан, анасы арбаның соңынан жүгіріп барып, оны тоқтатып үлгерген. Осылайша, баласын қауіптен аман алып қалған.
Бұл сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған миының шайқалуы мен басының жұмсақ тіндерінің жарақаты деген диагноз қойған. Әйелдің басына алты тігіс салынған.
Куәгерлердің сөзінше, затты әлдекім балконнан немесе терезеден лақтырып жіберген. Алдын ала болжам бойынша, мұны бала істеген болуы мүмкін.. Алайда бұл нұсқа әзірше ресми түрде расталған жоқ.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ
Оқиға қоғам арасында кеңінен талқыланғаннан кейін Павлодар облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
– Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды алып, зерттеді, куәгерлерден жауап алынды. Бейнежазбада заттың жәбірленушінің үстіне құлаған сәті тіркелген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, осы іске қатысы бар адамды анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің өкілдері.
Полиция қылмыстық іс денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша қозғалғанын және ол Павлодар облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.
Кінәлі адам әзірге анықталған жоқ.