Түркістан облысында нөсерден кейін төрт ауылды су басты: тұрғындар әкімдікті айыптады

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында бұршақ аралас жауған нөсер төрт елдімекеннің тұрғындарын әбігерге салды. Бір сағаттан астам уақыт жауған жаңбырдан кейін бірнеше үйдің ауласына су кіріп, тұрғындар қиын жағдайға тап болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

МӘН-ЖАЙ

Мұндай жағдай Дарбаза ауылында да тіркелді. Тұрғындардың айтуынша, жауын-шашынның салдары бірнеше күн өтсе де реттелмеген. Аулаларда әлі күнге дейін су жиналып тұр.

Дарбаза ауылының тұрғыны Жадыра Ахметованың сөзінше, ауылдағы су өткізу жүйесі бұрыннан дұрыс жұмыс істемейді. Ол бұл мәселені бірнеше рет көтергенін айтады.

– Мына жерде құбырлардың барлығы дұрыс қазылмаған ғой. Қанша әкімдікке де айтамын, депутатқа да айтамын. Әй, мына жерді тереңірек қазып беріңіздер. Алдын ала шара көріңіздер деген едім. Сол күйде бір құбырды жасап қойды. Мына көршімнің үйіндегі дәретханасы сыртта. Сол судың бәрі келді ғой менің есік алдыма, – дейді Дарбаза ауылының тұрғыны Жадыра Ахметова.

Ауыл тұрғындары жаңбырдың күндіз жауғаны ғана үлкен қауіптің алдын алды дейді. Олардың айтуынша, мұндай жағдай түнде болғанда, шығын көлемі әлдеқайда көп болуы мүмкін еді.

Арада төрт күн өтсе де, кей аумақтардағы су әлі тартылмаған. Тұрғындар мұндай көлемдегі жауын-шашынды бұрын-соңды көрмегенін айтып отыр.

– Үлкен қылып қазу керек қой мына арықтарды. Анау көлік өтіп бара жатқан жердегі асфальттің барлығы жарылды ғой. Содан кейін бері қарай өтіп кетті ғой. Баллондар көрінбей қалды ғой. Ондай жаңбыр болмаған. Жай-жай жауып өтіп кетуші еді. Кешегісі қатты болды, – Дарбаза ауылының тұрғыны Танысбай Ергешов.

Тұрғындар бұл жағдайға жауапты органдарды кінәлап отыр. Олардың пікірінше, алдын ала шаралар қабылданса, табиғи апаттың салдарын азайтуға болар еді.

Ал әкімдік өкілдері арықтарды тым терең қазу балалар үшін қауіпті екенін айтып, бұл жолғы жауын мөлшерін күтпегендерін жеткізді.

– Жауын-шашын бұршақ аралас жауды. 1.5 сағат шамасында жауын-шашын жауды. Одан кейін төбе жақтағы сулардың барлығы осы елді мекенге келді. Ал Ердәуітке Шарапхана салдарынан тоғаннан жиналған сулардың барлығы үш үйдің ауласына кіріп, бір үйдің жертөлесіне су кіріп кетті. Ол бойынша тиісті жұмыстар атқарылды, – дейді Дарбаза ауылдық округінің әкімі Мұхит Досболов.

Әкімдік мәліметінше, теміржол бойындағы зардап шеккен үйлердің барлығы жақын уақытта сүрілуі жоспарланған. Қазір табиғи апаттан нақты қанша отбасының зардап шеккені анықталып жатыр.