Kazakh Invest ұлттық компаниясында екі жаңа топ-менеджер тағайындалды

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Kazakh Invest ұлттық компаниясында бірден екі кадрлық тағайындау болды. Басқарма төрағасының орынбасарлары қызметіне Азат Қабдрашитов пен Темірлан Келдібаев тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАҢА БАСШЫЛАР КІМДЕР?

Азат Қабдрашитов – Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі. Ол Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетін тәмамдап, кейін Сингапур ұлттық университетінде MBA дәрежесін алған.

Еңбек жолын KPMG Kazakhstan компаниясында бастап, кейін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ мен «Ембімұнайгазда» жұмыс істеген. Әр жылдары энергетика, жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар саласында қызмет атқарған. Сондай-ақ Сингапурда, «Самұрық-Қазына» қорында және Халықаралық жасыл технологиялар орталығында еңбек еткен.

2023-2026 жылдары Сингапурдағы SunGreenH2 Pte Ltd компаниясында вице-президент болды. Кейінгі тағайындауға дейін Kazakh Invest компаниясында стратегиялық инвестициялық жобалар жөніндегі кеңесші қызметін атқарған.

Темірлан Келдібаев та Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетінің түлегі. MBA дәрежесін Барселонадағы Жоғары менеджмент мектебінде алған.

Еңбек жолында «Астана ЭКСПО» компаниясында, Қазақстанның Барселонадағы консулдығында, SPK Astana, «Самұрық-Қазына» қорында жұмыс істеген. 2023-2025 жылдары Астананың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары болған. Kazakh Invest компаниясына ауысқанға дейінгі соңғы жұмыс орны – «Транстелеком» АҚ.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін сарапшылар Қазақстанда 2018 жылдан бері тікелей шетелдік инвестициялар бойынша, елде бұрыннан жұмыс істеп жатқан компаниялардың қайта инвестицияларын есептемегенде, таза капитал кетуі байқалып отырғанына назар аударған еді.

Олардың бағалауынша, шетелдік капитал тартудың бұрынғы моделі өз мүмкіндігін сарқып келеді. Инвесторлардың шикізат секторына қызығушылығы төмендеп, елге жаңа шетелдік капитал әкелетін ірі жобалардың саны азайып барады.