Қазақстан ОПЕК+ шешімінен кейін мұнай өндірісін арттырады

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

ОПЕК+ елдері қыркүйектен бастап мұнай өндіру көлемін арттыруға келісті. Бұл шешім бұған дейін ортақ квотадан бөлек мұнай өндірісін өз еркімен қысқартқан жеті мемлекетке қатысты. Олардың қатарында Қазақстан да бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Қыркүйектен бастап ОПЕК+ құрамындағы жеті ел тәулігіне қосымша 188 мың баррель мұнай өндіре алады.

Мұндай шешімді Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман қабылдады.

Осылайша, келісімге қатысушы елдер ерікті шектеулердің екінші кезеңінде нарықтан алынған мұнай көлемін толық қайтарады.

2026 жылдың аяғына дейін альянс елдеріне бұған дейін бекітілген квоталар қосымша шектеусіз қолданылады.

Қазақстан қанша мұнай өндіре алады?

Қазақстанның тәуліктік квотасы 10 мың баррельге ұлғайтылды. Енді ел күніне 1,628 млн баррельге дейін мұнай өндіре алады.

Өндірісті ең көп арттыратын елдер - Сауд Арабиясы мен Ресей. Екі мемлекет те тәуліктік көлемін 62 мың баррельге көбейтеді.

Иракқа қосымша 26 мың баррель, Кувейтке 16 мың, Алжирге 6 мың, Оманға 5 мың баррель өндіруге рұқсат берілді.

ОПЕК+ кездесулері жалғасады

Мұнай өндіруді ерікті түрде қысқарту бағдарламасы аяқталғанымен, ОПЕК+ елдері мұнай нарығындағы жағдайды ай сайын талқылауды жалғастырады.

Альянс мүшелерінің келесі кездесуі 6 қыркүйекке жоспарланған.