Paris Saint-Germain жаңа PSG Academy ашты. Қазақстанның елордасы Астана қаласында орналасқан академия кәсіпкер Алмаз Альсеновтің бастамасымен ашылды. Алғашқы маусымында, 2026 жылдын қыркүйегінен бастап, академия 300-ге дейінгі жас футболшыны қабылдайды.
Осылайша, Қазақстан PSG Academy халықаралық желісіне қосылған 24-ел атанып, клуб өз тәжірибесі мен ресми жаттығу әдістемесін әлемнің түкпір-түкпіріндегі жас ойыншыларға жеткізуге деген ұмтылысын көрсетеді.
Қазақстан астанасында жоғары деңгейлі таңдаулы дайындық
Академияның алғашқы оқу-жаттығу орталығы FIFA стандартына сай алаңы бар Air Arena спорт кешенінде ашылады. Мұнда ауа райына қарамастан жыл бойы жаттығуға болады.
6-14 жас аралығындағы шамамен 300 ұлдар мен қыздар жасына және дайындық деңгейіне қарай топтарға бөлінеді. Бағдарламаға апталық жаттығулар, демалыс лагерьлері, турнирлер, жолдастық кездесулер және халықаралық іс-шараларға қатысу мүмкіндігі кіреді.
Бағдарлама балалардың футболдағы ғана емес, жеке тұлға ретінде де дамуына бағытталған.
Барлық жаттығу Paris Saint‑Germain клубының ресми әдістемесіне сәйкес өткізіледі. Ол техникалық шеберлікке, ойын интеллектіне, дұрыс шешім қабылдауға, сондай-ақ құрмет, тәртіп, командалық жұмыс және үздік болуға негізделген.
PSG Academy Kazakhstan ұсынатын бағдарламалар туралы толығырақ білу үшін ресми веб-сайтқа кіріңіз.
Astana алғашқы орталық болғанымен, болашақта академия бағдарламаларын Қазақстанның басқа өңірлеріне де кеңейту жоспарланып отыр.
Қазақстандық футболды дамыту және жас таланттарды қолдау
Қазіргі таңда Қазақстанда футбол қарқынды дамып келеді: балалардың бұл спорт түріне қызығушылығы артып, спорттық инфрақұрылымға салынатын инвестиция көлемі ұлғаюда. PSG Academy Kazakhstan академиясының ашылуы осы оң үрдістің жалғасы болып табылады және жергілікті жас ойыншыларға әлемдегі ең беделді футболды дамыту бағдарламаларының біріне қолжетімділік беру арқылы еліміздегі жасөспірімдер футболының ұзақ мерзімді дамуына үлес қосуды мақсат етеді.
PSG Academy Kazakhstan жас ойыншыларды дамытуға және жергілікті жаттықтырушыларды даярлауға басымдық бере отырып, осы даму қарқынын қолдауды көздейді. Барлық жаттықтырушылар PSG Академиясының ресми әдістемесі бойынша даярланып, Париждегі клубтың орталық техникалық командасынан тұрақты қолдау алады.
Клубтың қолдауымен және Алмаз Альсеновтің жетекшілігімен құрылған PSG Academy Kazakhstan Қазақстандағы футболды ұзақ мерзімді дамытуға, сондай-ақ Paris Saint-Germain клубының тәжірибесін мүмкіндігінше көп жас ойыншыға қолжетімді етуге бағытталған.
– PSG Академиясын Қазақстанға әкеліп, жас футболшыларға клубтың әлемдік деңгейдегі жаттығу әдістемесі мен футбол философиясына қол жеткізу мүмкіндігін ұсынатынымызды мақтан тұтамыз. Бұл серіктестік арқылы біз балалардың спортшы ретінде де, тұлға ретінде де жан-жақты дамуына жағдай жасап, командалық рухты, өзіне деген сенімділікті, тәртіпті және мықты мінезді алаңда да, өмірде де қалыптастыру арқылы Қазақстандағы жасөспірімдер футболының ұзақ мерзімді дамуына үлес қосуды мақсат етеміз, – дейді PSG Academy Kazakhstan негізін қалаушы Алмаз Альсенов.
Paris Saint-Germain тәжірибесін әлем жанкүйерлеріне жеткізу
2005 жылы құрылғаннан бері PSG Academy әлемдегі ең ірі футбол академиялары желілерінің біріне айналды.
Қазақстандағы жаңа академияның ашылуымен PSG Academy халықаралық ауқымын одан әрі кеңейтіп, әлемдік қатысуын нығайта түсуде. Бүгінде 24 елде орналасқан 200-ден астам оқу-жаттығу орталығы арқылы академия жыл сайын 50 000-нан астам жас футболшының дамуына үлес қосып келеді.
Жас футболшыларға Paris Saint-Germain клубының ресми әдістемесі бойынша жаттығуға және Rouge & Bleu рухын толық сезінуге мүмкіндік бере отырып, PSG Academy өз миссиясын жалғастыруда: жас футбол әуесқойлары мен Paris Saint-Germain жанкүйерлерін тәрбиелеу, шабыттандыру және біріктіру.
– Қазақстанда PSG Академиясының ашылуы клубтың өз тәжірибесі мен құндылықтарын Парижден тыс жерлерде де кеңінен таратуға деген ұмтылысын көрсетеді. Астанадағы жаңа академияның ашылуы арқылы біз әлемнің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған жас ойыншыға Paris Saint-Germain-нің жоғары стандарттары бойынша футбол үйренуге және PSG отбасының бір бөлігі ретінде дамуын жалғастыруға мүмкіндік беретін жаһандық желіні қалыптастыру жолындағы тағы бір маңызды қадамды жасап отырмыз, – дейді Әртараптандыру жөніндегі директор және коммерциялық директордың (CRO) кеңсесінің басшысы Надия Бенмохтар.
Paris Saint-Germain туралы
1970 жылы құрылған Paris Saint-Germain — Францияның ең табысты футбол клубы және Еуропа футболының көшбасшыларының бірі. 2025 жылы клуб UEFA Чемпиондар лигасында жеңіске жетіп, өз жетістіктерінің тағы бір маңызды белесін бағындырды. 2011 жылдан бастап Qatar Sports Investments (QSI) басшылығымен Paris Saint-Germain ерлер және әйелдер футболы, гандбол, дзюдо және киберспорт бағыттарын қамтитын жетекші көпсалалы спорт ұйымына айналды. Оның негізінде үздікке ұмтылу, командалық рух және үздіксіз даму қағидаттары жатыр. 2024 жылы клуб Пуасси қаласында орналасқан заманауи оқу-жаттығу кешені — Paris Saint-Germain Campus орталығын ресми түрде ашып, дамуындағы тағы бір маңызды кезеңге қадам басты.
Париждің бірегей болмысынан қуат алатын Paris Saint-Germain спортты, мәдениетті және өмір салтын тоғыстырған ерекше экожүйені қалыптастырды. Бұл ұстаным 2018 жылдан бергі Jordan брендімен серіктестік және өнер, сән, музыка мен әл-ауқат салаларын қамтитын көптеген жобалар арқылы көрініс табады.
Әлеуметтік желілердегі 235 миллионнан астам жанкүйері, сондай-ақ әлем бойынша жұмыс істейтін PSG Academy және жанкүйерлер клубтарының кең желісі арқылы Paris Saint-Germain Париждің халықаралық беделін нығайтуға белсенді үлес қосады. Сонымен қатар клуб жергілікті қауымдастықтарды қолдауға бағытталған нақты бастамаларды жүзеге асырады. Атап айтқанда, PSG for Communities бағдарламасы арқылы жастардың әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осылайша, Paris Saint-Germain өзін Жаңа буынның клубы ретінде танытады.