Осыдан бір апта бұрын Рахат Сәрсеновтің есімін көп адам біле бермейтін. Ал қазір оны журналистер Қазақстанның түкпір-түкпірінен іздеп келіп жатыр. Себебі ол әуелі 100 жылқы ұрлады деген айыппен сотталып, кейін іс қайта қаралған соң бостандыққа шыққан. Енді жылқышы жалғыз баспанасынан айырылып қалудан қорқады. Ал оның бұрынғы жұмыс берушісі мемлекеттен орден алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ulysmedia.kz тілшісі 60 жастағы ер адаммен сөйлесіп, адвокатынан пікір алып, оның шынымен де сот қателігінің құрбаны болған-болмағанын анықтауға тырысып көрді.
Далада 33 жыл
Рахат Сәрсенов 16 жасынан бері мал баққан. Мұғалжар ауданының Жалғызағаш ауылындағы «Тайбурыл» шаруа қожалығының жылқысын 33 жыл бойы қараған. Айтуынша, жұмысы ауыр болғанымен, басқа өмірді елестете алмаған.
— Сізге қанша жалақы төледі?
— Алдымен 10 мың теңге. Кейін 20 мың. Одан соң 35 мың болды. Тек 2023 жылдан бастап 150 мың теңге төлей бастады.
— Жалақыдан бөлек, шаруашылықтан тағы бірдеңе алатын ба едіңіз?
— Жоқ. Қысқа ет керек болса да, өз ақшама сатып алатынмын. Осылай өмір сүрдік… Маған тек үйді кепілден шығарып алуға көмектессе болды. Емделуге де көмектессе екен. Үйде ұзақ отыра алмаймын, ауа жетпейді. Далаға шықпасам, тұншыға бастаймын. Біз қаңтардың қақаған аязында да далада қонып, табынды күзететінбіз. Күндіз-түні. Қасқырлар шабуылдап кетеді деп қорқатынбыз. Осылай өмір сүрдік.
Рахат Сәрсенов жұмысқа алғаш орналасқанда шаруа қожалығының басшысы Тәжіғали Елеуов оған Сағашылы ауылынан үй берген. Ол кезде бұл үйдің арада ондаған жыл өткен соң сот дауының нысанына айналатынын ешкім ойлаған жоқ.
100 жылқы қайдан шықты?
Айыптау нұсқасына сәйкес, 2019 жылы шаруа қожалығының басшысы акт бойынша жылқышыға 360 жылқы тапсырған. Тергеушілердің айтуынша, төрт жылдан кейін жылқышы бір жылқыны сатып, ақшасын танысымен бөліскен. Кейін оған тағы 39 жылқы жоғалды деген айып тағылған.
Осы іс бойынша бірінші сатыдағы сот судьясы Ғани Алмаханов 2026 жылғы мамырда ер адамды жеті жылға бас бостандығынан айырды және оған 30 миллион теңгеге жуық шығынды өтеуді міндеттеді.
Сонымен қатар азаматтық талап арыз берілді. Онда Рахат Сәрсеновке тағы 60 жылқыны ұрлады деген талап қойылды. Осылайша, есеп бойынша, жоғалған малдың жалпы саны 100 басқа жеткен.
Нәтижесінде оның үйі кепілге қойылып, тағы 10 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Бостандыққа шыққаннан кейін де бұл қарыз жойылған жоқ. Енді ол Рахат Сәрсеновке тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермей отыр.
Айта кетейік, сот процестері жүріп жатқан кезде ол екі айдан астам уақыт тергеу изоляторында отырған.
Бұл іске адвокат Кәрім Ипатов кірісті. Алайда ол қорғауға тек апелляциялық кезеңде, яғни шілдеде қосылған. Оның айтуынша, істің материалдарын неғұрлым терең зерттеген сайын, соғұрлым сұрақ көбейген.
— Тергеу кезінде Рахат Сәрсенов адвокаттан бас тартқан. Себебі істің мұншалықты алысқа баратынын ойламаған. Ашумен айтқан сөздері кейін ұмытылып кетеді деп санаған. Бірақ бірінші сатыдағы сот оны жеті жылға соттады. Істі зерттеу барысында көп сұрақ туындады. Ең алдымен, 100 жылқы ұрланды деген айыптаудың дәлелдеріне күмән пайда болды. Азаматтық және қылмыстық істер қатар қаралған. Алдымен жоғалған 40 жылқы туралы айтылды, кейін тағы 60 жылқы қосылды. Жалпы 100 жылқы үшін шығынды өтеу талап етілді. Біздің ойымызша, осылайша азаматтық талап арқылы үйді тартып алып, қосымша ақша өндіріп алмақ болған, — деді Ипатов.
Рахат Сәрсеновтің денсаулығы сыр берген
Рахат Сәрсеновтің денсаулығы да нашар. Қылмыстық іс қозғалғанға дейін ол инсульт алып, ауруханада бір айға жуық жатқан. Бүгінде сол жағдайдың салдары сезіледі.
— Ол ауруханада жатқан кезде дәл сол уақытта оған қатысты арыз жазылған. Бұл жағдай мұқият тексеруді қажет етеді, — дейді адвокат.
Апелляцияға дайындалып жүрген кезде Кәрім Ипатов мемлекеттік органдарға сауалдар жібере бастаған. Ол Тәжіғали Елеуовтің шаруашылығында қанша мал тіркелгенін анықтағысы келген.
Адвокат алған жауаптар оны таңғалдырған. Құжаттарға сәйкес, шаруашылықта екі мыңнан астам мал қалған. Ал 100 жылқының жоғалғаны туралы мәлімет таппаған.
— Ұрлық туралы тіркелген ақпарат жоқ. Егер шынымен 100 жылқы жоғалса, 100 сырға (құлақ белгісі) болмауы керек еді. Нәтижесінде құжат бойынша тек бір бас малдың жоғалғаны расталды.
Апелляциядан кейін айып қайта сараланды. Жүз жылқы үшін келтірілген шығынның орнына сот бір ғана жылқыға қатысты шығынның дәлелденгенін мойындады. Жаза жеңілдетіліп, рақымшылықтың арқасында Рахат Сәрсенов сот залынан босатылды.
Біз де әкімдікке жүгіндік. Әкімдік өкілдері Ulysmedia.kz тілшісіне «Тайбурыл» шаруашылығында 2006 жылқы, 150 бас ірі қара және 100 түйе тіркелгенін растады.
Бұған сену қиын, бірақ Рахат алғаш рет «Тайбурылға» келгенде, шаруашылықта небәрі 14 жылқы болған. Ал бүгінде аудан әкімдігі екі мың жылқы туралы айтып отыр.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, осы жылдар бойы жылқышы жалғыз жұмыс істеген. Көмекшісіз, аптап ыстық пен қақаған аязда тәулік бойы далада қалған.
Талап қойған кәсіпкер не үшін марапат алды?
Рахат атаның сот залынан шығып, көз жасына ерік берген сәті көпшіліктің жүрегін тебірентті. Кадрлар Қазнетте тарап кетті. Ақыры қария үйіне қайтты. Бірақ сол үй әлі де кепілде тұр.
Бұл оқиғадағы тағы бір қызық әрі түсініксіз жайт бар.
Біз анықтағандай, Сәрсеновтің бұрынғы жұмыс берушісі кезінде мемлекеттік награда алған. Ulysmedia.kz анықтағандай, «Тайбурыл» шаруа қожалығының иесі Тәжіғали Елеуовті аудан әкімдігі «Құрмет» орденіне ұсынған. Кейін Президенттің жарлығымен ол марапатталған.
Біз Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетовтен Елеуовтің шынымен марапаттары бар-жоғын және қандай еңбегі үшін алғанын сұрадық. Ол қысқа әрі түсініксіз жауап берді:
— Жоқ.
Шенеуніктерге қойылған өзге де сұрақтар
Сонымен қатар біз басқа да жайттарды анықтауға тырыстық. Мысалы, шаруашылық мемлекеттен субсидия алған ба?
Әкім Дархан Ермағанбетов мұндай ақпараттан хабары жоқ екенін айтты.
Бұл сұраққа облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиев жауап берді:
— 2025 жылдың қаңтарынан бері шаруашылық субсидия алған жоқ.
Ал шаруашылықтағы мал саны тексерілді ме деген сұрақ қойғанымызда, әңгіме күтпеген жерден үзілді.
Кейін әкім мал басы төлді қоса есептегенде саналады деп қана түсіндірді. Ақпарат алу үшін ветеринария басқармасына жүгінуге кеңес берді.
Біз сол жерге бардық. Алайда әңгіме қысқа болды. Ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай шаруа қожалығы иесінің ЖСН-ін атауды сұрады.
Журналистер кәсіпкердің тегін атағанда, ол:
— ЖСН-сыз ба? Бізде мұндай көп, — деп, e-Otinish арқылы ресми сауал жолдауды ұсынды.
Бүгінгі жағдай қандай?
Адамды жоғалған 100 жылқы үшін колонияға жіберді. Кейін апелляциялық сот келіп, дәлелденген шығын бір ғана жылқыға қатысты деген қорытындыға келді.
Қалған 99 жылқы қайдан шықты? Кім қателесті? Ал енді жылқышы Рахаттың денсаулығын кім қалпына келтіреді? Оның өзі күн сайын аулаға шығып, далада отырады. Өйткені сонда тыныс алуы жеңілдейді. Қария өзіне үйін қалдыруды сұрайды.