16 тамыздан бастап Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы арқылы жүру ақысы екі есе қымбаттайды. Көлік министрлігі көліктің барлық түріне арналған жаңа тарифтерді бекітті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тарифтер екі есе өседі
Өзгеріс әсіресе жеңіл көлік жүргізушілеріне әсер етеді. Қазір Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы арқылы бір сағат ішінде жүру ақысы 0,07 АЕК, яғни 303 теңге тұрады. 16 тамыздан бастап тариф 0,14 АЕК-ке, немесе 606 теңгеге дейін өседі.
Көліктің басқа санаттары үшін де тариф екі есе артады:
16 орынға дейінгі автобустар және 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 346 теңгеден 692 теңгеге;
32 орынға дейінгі автобустар және 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 606 теңгеден 1 211 теңгеге;
32 орыннан көп автобустар және 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 692 теңгеден 1 384 теңгеге;
10-15 тонна жүк көліктері – 865 теңгеден 1 730 теңгеге;
15 тоннадан ауыр жүк көліктері, оның ішінде ершікті тартқыштар – 952 теңгеден 1 903 теңгеге.
Жеңілдік қарастырылған
Сонымен қатар 50 пайыздық жеңілдік енгізіледі. Оны жол ақысын алдын ала немесе сапардан кейін жеті күн ішінде төлеген жүргізушілер алады.
Осы мерзімде төлем жасалмаса, жеңілдік күшін жойып, жүргізуші толық тариф бойынша төлеуге тиіс.
Өзгерістер Көлік министрінің 2026 жылғы 31 шілдедегі №199 бұйрығымен бекітілді. Құжат 16 тамыздан бастап күшіне енеді.