Қазақстанда кейбір әлеуметтік төлемдерді алушыларды анықтау үшін жасанды интеллект қолданыла бастайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Жүйе әлеуметтік көмекке мұқтаж және оған үміткер азаматтарды анықтап, оларға төлем тағайындау туралы ұсыныс әзірлейді.
Бұл әкімдіктер тарапынан берілетін біржолғы әлеуметтік көмектерге қатысты. Мысалы, мұндай төлемдер мерекелер мен атаулы күндерге орай беріледі.
– Төлем тағайындау туралы соңғы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды, – деді ол.
Сонымен қатар қазан айынан бастап жасанды интеллект азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен көмекке мұқтаждық деңгейін ескере отырып, мемлекеттік қолдау шараларын нақты бағыттап тағайындау үшін қолданылмақ.
Контекст
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда әлеуметтік төлемдерге бөлінетін қаражат көлемі 860 млрд теңгеге қысқартылатынын хабарлаған едік. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл салада елеулі теңгерімсіздік бар. Жұманғариннің дерегінше, республикалық бюджеттің 38,7%-ы, ал жергілікті бюджеттердің 48,1%-ы әлеуметтік төлемдерге жұмсалады.