Сирия соты елдің бұрынғы президенті Башар Асадқа өлім жазасын кесті. Ол 14 жылға жуық уақытқа созылған азаматтық соғыс кезінде жасалған қылмыстарға кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Асадқа қандай айып тағылды
Үкім сырттай шығарылды. Билігі құлағаннан кейін Асад Сириядан қашып, қазір Ресейде тұрып жатыр. Бұрынғы президенттің інісі Махер Асад та өлім жазасына кесілді. Сондай-ақ Башар Асадтың немере ағасы Атеф Наджибке де өлім жазасы тағайындалды. Ол сот отырысына Дамаскіде қатысты.
Сот бұрынғы президентті кісі өлтіру, азаптау, заңсыз ұстау және адамзатқа қарсы қылмыстарға байланысты істер бойынша кінәлі деп таныды. Айыптардың арасында бірнеше адам мен балаларды қасақана өлтіру де бар.
Іс 2011 жылы Сириядағы наразылықтарды басудан кейін басталған азаматтық соғыс кезіндегі оқиғаларға қатысты. Қақтығыс салдарынан жүздеген мың адам қаза тауып, миллиондаған сириялық үйін тастап кетуге мәжбүр болды.
Бұл – Асад билігі құлағаннан кейін оған қатысты шығарылған алғашқы сот үкімі.
Махер Асад та ағасы сияқты сырттай сотталды. Ол Сирия қарулы күштерінде жоғары лауазымдар атқарып, режимнің негізгі өкілдерінің бірі болған.
Ал Атеф Наджиб сот залында болды. Ол бұған дейін 2011 жылы жаппай наразылықтар басталған Дараа провинциясындағы саяси қауіпсіздік басқармасын басқарған. Оған қуғын-сүргін ұйымдастыру, кісі өлтіру, азаптау және заңсыз ұстауға басшылық жасады деген айыптар тағылған.
Сот отырысы кезінде Наджиб сотталушыларға арналған торда түрме киімінде отырған.
Асад Ресейге қашты
2024 жылдың желтоқсанында қарулы топтар Дамаскіге кіріп, содан кейін Башар Асадтың билігі құлады. Бұрынғы президент Сириядан кетіп, Ресейге бас сауғалады.
Енді Сирия соты оны сырттай өлім жазасына кесті. Асад Сирия аумағынан тыс жерде болғандықтан, үкімнің іс жүзінде орындалуы оның Сирия билігіне берілетініне байланысты.