Шымкентте ер адам бұрынғы әйеліне қышқыл төгіп, қашып кеткен

Ulysmedia
instagram.com/nemolchikz_official

Шымкентте ер адам бұрынғы әйеліне қышқыл шашып, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті сол күні Алматы қаласынан ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Кездесуге алдап шақырған

Оқиға туралы «НеМолчи» қоры мәлімдеді. Қордың мәліметінше, зардап шеккен әйел сұлулық салонында жұмыс істейді. Ол бұрынғы күйеуімен шамамен бес жыл бұрын ажырасқан. Ол кезде олардың қызы алты айлық болған.

Кейін әйел алимент өндіру үшін сотқа жүгінген. Ер адам кейде 10 мың теңгеден төлеп жүрген, алайда кейін бұрынғы әйелінен алименттен ресми түрде бас тартуды талап еткен.

Оқиға болмай тұрып ер адам жаңа нөмір сатып алып, бұрынғы әйеліне клиенттің атынан хабарлама жазған. Ол өзін сапар алдында шұғыл қызмет қажет болған клиент ретінде таныстырған. Әйел кешкі уақытта оны қабылдауға келіскен.

Жолда оны арнайы киім киген ер адам аңдып тұрған. Оның қолында қышқыл құйылған канистр болған. Ер адам әйелді ұстап алып, үстіне сұйықтық шашқаннан кейін қашып кеткен.

Зардап шеккен әйелдің айқайын естіген адамдар келіп, оған көмек көрсеткен.

Полиция не дейді?

Полиция ер адамның ұсталғанын хабарлады.

– Жедел іздестіру шаралары барысында күдіктінің кім екені сол күні анықталып, Алматыда ұсталды. Қазіргі уақытта ол қамауға алынып, тергеу изоляторында отыр, – деп хабарлады полиция департаменті.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды.