Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Прокурор бұған дейін судьядан Шерхан Аймаханға тағылған адам ұрлау, адам өлтіремін деп қорқыту және аса қатыгездікпен адам өлтіру туралы үш бап бойынша да кінәлі деп тануды сұраған еді. Мемлекеттік айыптаушы оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын беруді талап етті.
Өлтірмей тұрып аңдыған
Алдыңғы сот отырысында Нұрайға жасалған шабуылдың видеосы көрсетілді. Сот-медициналық сарапшының айтуынша, Нұрайдың денесінен 35 жарақат анықталған. Олардың барлығы қыздың көзі тірісінде салынған. Кейбір жарақаттардың тереңдігі 7-8 сантиметрге дейін жеткен.
Аймахан Нұрайды өлтіргенін мойындағанымен, қылмыс жасаған кезде «аффект жағдайында» болғанын алға тартты. Бұған дейін ол қыздың өзін бірінші болып пышақпен ұрғанын да айтқан.
Марқұмның отбасы сотталушыдан 10 млрд теңге моральдық және 14 млн теңге материалдық шығын өндіруді талап етіп отыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, Аймахан Нұрайды өлтірмес бұрын аңдыған. Ол қызды ұрлап әкетіп, өзіне тұрмысқа шығуға мәжбүрлемек болды деп айыпталып отыр. Туыстарының араласуынан кейін үйлену тойы өтпегенімен, бірақ сотталушы марқұмды аңдуын қоймаған.
Бір күні ол Нұрайға 76 рет қоңырау шалған.