Шөп те өртенді, ауыл да қауіпте: Қарағанды облысында тұрғындар жалынмен өздері күресіп жатыр

Ulysmedia
Видеодан алынған кадр

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Жаңатоғай (Бейбітшілік) ауылының тұрғындары алаңдаулы. Олардың айтуынша, ауыл маңындағы табиғи өрт бірнеше күннен бері жалғасып, қысқа дайындалған шөп отқа оранып, елді мекенге жақындаған. Тұрғындар өртпен күресуге өздері де атсалысуға мәжбүр болғанын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Өрт ауылға жақындаған

Бұл туралы журналист Керім Аянқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, ауылда өрт сөндіруге қажетті техника жеткіліксіз.

– Біздің ауылға көмек керек!!! Ауылда өрт өршіп жатыр. Қажетті дұрыс техника жоқ. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Жаңатоған (Бейбітшілік) ауылы, – деп жазды ол.

Өрт бірнеше күн бұрын басталған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қысқа малға деп дайындаған шөп өртеніп жатыр. 

– Қанша адамның шөбі, қыстағы өртенді. Әрқайсымыздың әкеміз, туғандарымыз ауыл адамдары осы өртте жүр. Ауыл ішіне жақындап қалыпты, – делінген жазбада.

Сондай-ақ өрт кезінде жергілікті тұрғындардың бірі ауыр жарақат алғаны, денесінің шамамен 50 пайызы күйгені туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет әзірше ресми түрде расталған жоқ.

Тұрғындар Қарқаралыдан қосымша күш пен техника неге жіберілмегенін сұрайды. Журналистің жазуынша, өрт сөндірушілер келгенімен, қолда бар техника жеткіліксіз болған. Оған су қоры мол көліктер мен қосымша күш қажет болған.

Мәселе бұрын да көтерілген

Қарағанды облысындағы өртке қарсы құрылымдардың техникалық жарақтандырылуы мәселесі бұған дейін де көтерілген. 2023 жылы өңірлік БАҚ-та аудандардың өрт қауіпті кезеңге дайындығы талқыланған кезде ерікті өрт сөндіру құрылымдарының техникамен жеткіліксіз қамтылғаны айтылған.

Сол кезде елді мекендерді су таситын көліктермен, мотопомпалармен, өрт сөндіру жеңдерімен және басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз ету қажеттігі сөз болған.

Осы жағдайға байланысты «Өрт қауіпті маусым қызған кезде ауыл тұрғындары неге отпен өздері күресуге мәжбүр?», «Аудан мен облыстың резервтегі техникасы мен қосымша күштері қайда?» деген сұрақ туындайды.

ТЖМ не дейді?

17 тамыз күні таңертең құтқарушылар Жаңатоғай ауылы маңындағы табиғи өрт аумағын әуеден тексерді.

ТЖМ мәліметінше, сағат 08:00-дегі аэровизуалды бақылау барысында жаңа ашық өрт ошақтары анықталмаған. Дегенмен өрт толық сөндірілген жоқ.

– Қазіргі уақытта өртті ауыздықтау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда. Оқиға Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында, – деп хабарлады министрлік.

Түнде ахуал күрделірек болған. Қарқаралы ауданындағы Жаңатоғай маңындағы өртті сөндіруге екпінді жел мен таулы жер бедері кедергі келтірген. Кейбір ошақтарға жету қиын болған.

ТЖМ өрт орнына қосымша күш пен техника жіберілгенін хабарлады. Жаңатоғайды қорғау үшін құтқарушылар мен жергілікті әкімдік қызметкерлері жұмылдырылған. Облыстық ТЖД жанынан жедел штаб құрылған.

Қазіргі уақытта министрлік ауылға тікелей қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Сонымен бірге өртті толық жою және жағдайды тұрақты бақылау жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске салайық, Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігін 2024 жылғы 6 ақпаннан бері Шыңғыс Әрінов басқарады. Министр бұған дейін құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын күшейту туралы бірнеше рет мәлімдеген. 2025 жылғы наурызда президентке берген есебінде ол ТЖМ жүйесін жаңғырту, жаңа өрт сөндіру деполарын ашу және ауылдық жерлердегі қауіпсіздікті арттыруға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын айтқан.