Түркістан облысында Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері ретінде танысып, медициналық ұйым басшысынан 15 млн теңге талап еткен екі адам ұсталды. Бұл туралы ҚМА мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Күдіктілер медицина мекемесінің басшысына «анықталған заңбұзушылықтарды» айтып, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытқан. Сонымен қатар ақша берген жағдайда жауапкершіліктен құтқаратынын айтып, сыйақы талап еткен.
Алаяқтар алдымен 5 млн теңге алған. Кейін қалған 10 млн теңгені беруді талап еткен.
Күдіктілер ұсталды
8 тамызда күдіктілерді Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері ҚМА Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп, қылмыс үстінде ұстады.
Сот күдіктілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр.
ҚМА азаматтарды сақ болуға шақырып, жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып немесе жазадан құтқаруға уәде беріп, ақша талап ету заңсыз әрекет екенін ескертті.
Мұндай фактілер туралы ҚМА-ның 1458 Call-орталығына дереу хабарлау қажет.