Базарбек адам қағып кеткеннен кейін зардап шеккен азаматтың отбасымен бірге видео жариялады

Ulysmedia
Видеодан алынған кадр

Мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбек өзі қатысқан жол апатынан зардап шеккен 36 жастағы Нұржігіттің туыстарымен бірге видео жариялады. Отбасының айтуынша, ер адам әлі де ем қабылдап жатыр, қазіргі жағдайы қанағаттанарлық, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Зардап шеккен азаматтың туыстары Базарбектің отбасының жанында болып, оларға көмектесіп жатқанын да айтты. Оның әпкесінің сөзінше, қазір ең бастысы – ағасының денсаулығын қалпына келтіру.

– Қазіргі уақытта Бақытжан Базарбек ағамыз біздің жанымызда. Барынша өзінің көмегін көрсетіп жатыр. Бауырымның аяқтан тұрып кетуіне еш көмегін аяп жатқан жоқ. Қазіргі таңда бауырымның жағдайы қанағаттанарлық. Оған көмек көрсетіп жатқан ақ халатты абзал жандарға да алғысым шексіз. Құрметті, халайық, бауырым үшін дұғада болыңыздар, – деді ол.

Базарбектің өзі ер адамның жағдайын Жамбыл облысының дәрігерлері, сондай-ақ басқа өңірлерден келген мамандар бақылап отырғанын айтты. Оның сөзінше, емге реаниматологтар мен травматологтар тартылған. Ол Денсаулық сақтау министрлігімен байланыста екенін, сондай-ақ науқасқа қатысты қосымша консилиумдар ұйымдастырылып жатқанын жеткізді.

Не болды?

Полицияның алдын ала мәліметінше, 15 тамызда Жамбыл облысында Toyota көлігінің жүргізушісі жол бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Зардап шеккен азамат аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.

Бастапқыда полиция көлік жүргізушісінің аты-жөнін атамай, рөлде азамат Б. болғанын ғана хабарлаған. Кейін Бақытжан Базарбек жол апатының өз қатысуымен болғанын растады.

Жол апатының мән-жайы анықталып жатыр.

17 тамызда Базарбек сотқа дейінгі тергеу аясында өзі мен жұбайы істің мән-жайын жария етпеу туралы қолхат бергендіктен, жол апаты туралы толық ақпарат бере алмайтынын мәлімдеді.