Астанадағы Мәңгілік ел қақпасы алдында түсірген видеосы үшін шетелдік қыз жазаланды

Ulysmedia
Видеодан алынған кадр

Астанада Мәңгілік ел қақпасы маңында түсірілген видеосы үшін 25 жастағы шетелдік Ангелина Ванинаға айыппұл салынды. Ол роликті TikTok желісінде жариялаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Полицияның мәліметінше, қыз видеоны Мәңгілік Ел даңғылындағы қақпа маңында түсірген. Жазбада бейәдеп сөздер айтылып, қоғамдық мораль нормаларын бұзатын сөз тіркестері қолданылған.

Видео жарияланғаннан кейін полицейлер қыздың жеке басын анықтаған. Оған ұсақ бұзақылық туралы бап бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.

Сотқа жетті

Істі сот қарады. Нәтижесінде шетелдік қыз кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Полиция әлеуметтік желілерде осындай видеоларды жариялау олардың авторларын Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті.