«Байтақ» төрағасы сайлау нәтижесін мойындамау туралы шешімінен айнып қалды

Ulysmedia
"Байтақ" партиясы

«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай Құрылтай сайлауында дауыс берген қазақстандықтарға алғыс айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Бұған дейін Әміртай партия дауыс беру нәтижелерін мойындамайтынын мәлімдеген еді. «Байтақ» басшысы баспасөз мәслихатын өткізуді жоспарлаған, алайда кейін бұл туралы жазбасын өшіріп тастаған.

Әміртаев жаңа жазбасында партия азаматтардың таңдауына құрметпен қарайтынын хабарлады.

– Бүгінге жоспарланған баспасөз мәслихатын өткізуден бас тарту туралы шешім қабылдадым. Бұл мәселе бойынша бұдан әрі бұқаралық ақпарат құралдарымен сөйлесуді де жоспарлап отырған жоқпын. Қазіргі таңда азаматтардың таңдауына күмән келтіруге негіз болатын расталған деректер жоқ. «Байтақ» партиясы Қазақстан халқының таңдауына құрметпен қарайды және сайлау туралы заңда белгіленген тәртіппен анықталған ресми қорытындыларды негізге алады. Дауыс беру учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасаған барлық қазақстандыққа алғыс айтамын, – деді ол.

Контекст

Еске салайық, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауының алдын ала қорытындыларын жариялаған еді.

Комиссия мәліметінше, «Әділет» партиясы 71,17% дауыс жинаған. Одан кейін ОСДП – 5,11%, Қазақстан халық партиясы – 3,11%, «Ауыл» – 6,26%, «Ақ жол» – 5,21%, Respublica – 5,56% дауыс алған.

«Байтақ» жасылдар партиясы ең аз дауыс жинады – 1,07%. Ал сайлаушылардың тағы 2,51%-ы «бәріне қарсымын» деген нұсқаны таңдаған.