Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай төрағасы лауазымына Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау үшін бірқатар рәсім өткізу қажет екенін айтты. Соның бірі – Құрылтайдың басшылық құрамын сайлап, құрылымын қалыптастыру.
– Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Президент ұсынады. Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын, – деді Тоқаев.
Президент Дәдебайдың мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет атқарғанын атап өтті.
– Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын, – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев Құрылтай депутаттарын Айбек Дәдебайдың кандидатурасын қолдауға шақырды.
Үкімет жаңа Құрылтай алдында өкілетін тоқтатады
Президент жаңа Конституцияға сәйкес Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілетін тоқтататынын да айтты.
Оның сөзінше, Құрылтайдың құрылымы толық жасақталғаннан кейін Президент вице-президент пен премьер-министр лауазымдарына кандидатураларды ұсынады.
– Содан кейін сіздермен ақылдасып, Үкімет мүшелерін тағайындаймын. Сонымен қатар жаңа лауазымды – Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарын тағайындаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Құрылтай мен Үкімет құрамы толық айқындалғаннан кейін Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялайтынын айтты.