Ресей Ішкі істер министрлігі Қазақстан мамыр айынан бері іздеп жатқан бельгиялық бизнесмен Фрэнк Джозеф Монстрейді қылмыстық іздеуге жариялады. Оның есімі Мұхтар Әблязов пен Храпуновтар отбасына қатысты ірі қаржылық дауларда көп жылдан бері аталып келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әуелі Қазақстан, енді Ресей
Қазақстанда Монстрейге іздеу жариялау туралы мәлімет 2026 жылғы 20 мамырда Астанада тіркелген. Іздеуді ҰҚК бастамасымен ведомствоның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатыр. Енді бельгиялық бизнесменді Ресей құқық қорғау органдары да қылмыстық іздеуге жариялады. Бұл ақпаратты Ресей ІІМ-нің дерекқорынан таптық.
Сонымен қатар ресейлік БАҚ іздеуге жариялау туралы шешім Қазақстан тарапының ұсынысымен қабылданғанын жазды. Алайда Қазақстан да, Ресей де Фрэнк Джозеф Монстрейдің нақты қандай қылмыстық іс бойынша іздестіріліп жатқанын әзірше жария еткен жоқ. Сондықтан қазіргі қудалаудың Әблязов немесе Храпуновтарға қатысты істермен тікелей байланысты екенін айтуға әлі ерте.
Монстрей кім?
Қазақстанда 61 жастағы бельгиялық бизнесмен ең алдымен Nostrum Oil & Gas мұнай-газ компаниясы және оның «Жайықмұнай» еншілес кәсіпорны арқылы танымал. 2004 жылы Монстрей «Жайықмұнайды» сатып алып, кейін компания Nostrum Oil & Gas атауын алды. Кейіннен бизнес Лондон қор биржасына шығарылды.
Алайда Монстрейдің аты тек мұнай саласында ғана аталған жоқ. 2018 жылы OCCRP жүргізген зерттеу Монстрейге тиесілі құрылымдардың офшорлық компаниялар арқылы шамамен 440 млн доллардың қозғалысына қатысы болғанын анықтады. Мәлімет бойынша, бұл қаражат Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы әрі Мұхтар Әблязовтың күйеу баласы Ілияс Храпуновтың активтеріне қатысты операцияларда пайдаланылған. Қаражаттың бір бөлігі АҚШ-тағы элиталық жылжымайтын мүлікті сатып алуға жұмсалған.
Монстрейдің өзі Әблязов активтерінің номиналды иесі болғанын жоққа шығарды. Сот даулары барысында ол бұл ақшаның Әблязов алдындағы қарызын өтеуге байланысты болғанын мәлімдеген.
Бұған БТА-ның қандай қатысы бар?
Монстрейдің тарихы БТА Банкі мен Әблязов арасындағы көп жылдан бері жалғасып келе жатқан сот дауларымен де байланысты.
2018 жылы Nostrum Oil & Gas пен БТА арасында өзара талаптардан бас тарту туралы келісім жасалды. Оның ішінде Монстрей, Claremont Holdings құрылымдары мен Әблязов арасындағы болжамды байланыстар да қарастырылған.
Сот процестерінің нәтижесінде БТА Nostrum Oil & Gas компаниясының үлесіне ие болды.
Қазір компанияның өзі қаржылық қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. 2025 жылы оның шығыны 214,2 млн долларға жетсе, облигациялар бойынша қарызы шамамен 702 млн доллар деп бағаланған. Қазақстанның салық органдары да «Жайықмұнайға» салық берешегіне қатысты талап қойған.
Әзірше бельгиялық бизнесменге нақты қандай айып тағылғаны және оның қайда жүргені белгісіз. Монстрейдің өзі оған қандай да бір айып тағылғаны туралы көпшілікке мәлімдеме жасаған жоқ.