Норвегия королі Харальд V қайтыс болды

Ulysmedia
Король сарайының сайты

Норвегия королі Харальд V 89 жасында қайтыс болды. Монарх 28 тамыз күні таңертең Ослодағы университеттік ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

17 тамызда 89 жастағы монарх Ослодағы ауруханаға жатқызылған. Алғашында оған анемия диагнозы қойылғаны хабарланған. Кейін дәрігерлер қанынан бактериялық инфекция анықтаған.

23 тамызда сарай корольдің жағдайы нашарлағанын мәлімдеді. Ал 27 тамызда оның денсаулық жағдайы аса ауыр деп бағаланды. Осы уақыт аралығында регент міндетін тақ мұрагері Хокон атқарды.

30 жылдан астам уақыт тақта отырды

Харальд V 1991 жылы әкесі Олав V қайтыс болғаннан кейін Норвегия королі атанды. 30 жылдан астам уақыт билік еткен ол қазіргі Норвегия монархиясының негізгі тұлғаларының біріне айналды. Харальд V қоғамдағы өзгерістерге бейімделе отырып, корольдік институтты біртіндеп жаңғыртқан реформатор ретінде де танылды.

Кейінгі жылдары Харальд V денсаулығына байланысты бірнеше рет қиындыққа тап болып, ресми іс-шараларға қатысуын біртіндеп азайтқан. Соған қарамастан, ол тақтан бас тарту туралы ұсынысты қабылдамаған.

Король парламент алдында берген анты өмір бойына жарамды екенін бірнеше рет айтқан.

Тақ мұрагері кім?

Харальд V қайтыс болғаннан кейін Норвегия тағы оның ұлы, тақ мұрагері Хоконға өтеді.

Харальд V Еуропадағы ең ұзақ уақыт билік еткен қазіргі монарх әрі еуропалық корольдік әулеттердің ең танымал өкілдерінің бірі болды.