Құрылтай депутаттары ант қабылдап жатыр: кейбірі қобалжып, бірі орыс тілінде сөйледі

Ulysmedia
Видеодан алынған кадр

Жаңа бір палаталы Құрылтайдың бірінші шақырылым депутаттары Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант бере бастады. Ант беру рәсімі 28 тамызда Парламенттің алғашқы сессиясында өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Антты алғаш болып «Әділет» партиясынан сайланған депутат Константин Авершин қабылдады. Әр депутат Конституцияға қолын қойып, ант мәтінін өзі оқуы керек.

Ант мәтіні төмендегідей:

– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, депутат ретінде маған жүктелген жоғары міндеттерді адал атқаруға ант етемін.

Кей депутаттар қобалжыды

Көпшілік үшін бұл алғашқы ант беру рәсімі болғандықтан, депутаттардың арасында қобалжу байқалды. Кейбірі ант мәтінін оқу кезінде жаңылысып қалды.

Атап айтқанда, «Жаңа адамдар» қозғалысының бұрынғы жетекшісі Әсел Баденова ант мәтінінің ортасына келгенде кідіріп қалды.

«Әділет» партиясының депутаты Зүлфия Байсақова антты орыс тілінде қабылдаған алғашқы депутат болды.

Алғашқы Құрылтай жұмысын бастады

Бұған дейін, 28 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясын ресми түрде ашты.

Жаңа бір палаталы Парламент 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін құрылды. Мәжіліс пен Сенат өз жұмысын тоқтатып, олардың орнына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұратын Құрылтай келді.

Құрылтайдың алғашқы сайлауы 23 тамызда өтті. Парламентке бес партия өтті. «Әділет» партиясы 110 мандат, «Ауыл» партиясы – 10, Respublica – 9, ал ОСДП мен «Ақ жол» партиялары 8 мандаттан алды.