Ресей Қытайға газ экспортын арттырғысы келеді: Путин Симен кездесті

Сырым Қаржас
ТАСС

Владимир Путин Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне қатысу үшін Бішкекке барған Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Кездесуде Ресей мен Қытай арасындағы қарым-қатынас, халықаралық ахуал және «Сібір күші-2» газ құбыры жобасы талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Путин мен Си Цзиньпиннің кездесуі

Келіссөздер Ресей президенті Қырғызстанға келгеннен кейін 31 тамызда өтті. ШЫҰ саммитінің негізгі шаралары 1 қыркүйекке жоспарланған.

Бұған дейін Путин мен Си Цзиньпин мамыр айының соңында Ресей президентінің Қытайға сапары кезінде кездескен еді.

Ресей тарапынан кездесуге Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, үкімет пен президент әкімшілігінің өкілдері, сондай-ақ ірі мемлекеттік компаниялардың басшылары қатысты.

Бішкектегі кездесуде Владимир Путин Ресейдің Қытаймен визасыз режимді тұрақты негізге көшіруге дайын екенін мәлімдеді.

«Сібір күші-2» қайта талқыланды

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков бұған дейін Путин мен Си Цзиньпин «Сібір күші-2» газ құбыры жобасын талқылайтынын айтқан еді. Мәскеу бұл жоба арқылы Қытайға газ жеткізу көлемін айтарлықтай арттыруды көздеп отыр.

Жылына шамамен 50 млрд текше метр газ өткізуге қауқарлы жоба он жылдан астам уақыт бойы талқыланып келеді. Алайда оның түпкілікті шарттары әлі келісілген жоқ.

Бұған дейін Путин жоба бойынша заңды күші бар меморандумға қол қойылғанын мәлімдеген. Алайда Қытай тарапы мұндай келісімдерді ресми түрде растаған жоқ.

Негізгі мәселелердің бірі – газ жеткізу бағасы. The Wall Street Journal мәліметінше, Бейжің Ресейдің ішкі нарығындағы бағаға жақын тарифті талап етіп отыр. Басылым дереккөздерінің айтуынша, Қытай тарапы Мәскеуден баға шарттарын өзгертуге дайын болмайынша, жоба мәселесін қайта талқыламауды сұраған.

Ал Кремль энергетика саласы Ресей-Қытай келіссөздеріндегі тұрақты тақырыптардың бірі болып қала беретінін мәлімдеді.