Елімізде Қазақ тазысы мен төбеті күні алғаш рет аталып өтіп жатыр

Сырым Қаржас
Ақорда

3 қыркүйекте Қазақстанда алғаш рет қазақ тазысы мен төбет күні аталып өтеді. Бұл мереке 2026 жылы атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Тазы мен төбет ғасырлар бойы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі болған. Тазыны жүйріктігі мен төзімділігі үшін аңшылықта пайдаланса, төбет мал мен мүлікті күзетуге қолданылған. Қазақстан аумағындағы ежелгі петроглифтерден тазыға ұқсас иттердің бейнелерін де кездестіруге болады.

ХХ ғасырда ұлттық ит тұқымдарының саны азая бастады. Оларды сақтап қалу мақсатында 2023 жылғы 3 қаңтарда қазақы иттерді өсіру және көбейту тәртібін реттейтін заң қабылданды. Құжатта тұқымның гендік қорын будандастыру мен азғындаудан қорғау шаралары да қарастырылған.

Қазақстан ұлттық ит тұқымдарын халықаралық деңгейде мойындатуға күш салып жатыр

Қазір мемлекет пен кинологиялық ұйымдар тазы мен төбетті есепке алып, асылдандыру жұмыстарын жүргізіп келеді. Асыл тұқымды иттер жүйесінде шамамен 4 мың тазы тіркелген.

Ал төбеттің нақты саны әзірге анықталып жатыр. 2026–2027 жылдары мамандар ел өңірлерін аралап, зерттеу экспедицияларын жүргізуде.

Қазақстан ұлттық ит тұқымдарын халықаралық деңгейде мойындатуға да күш салып келеді. 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация тазыны алдын ала тұқым ретінде танып, Қазақстанды оның шыққан елі әрі тұқым стандартының иесі ретінде бекітті.

Түпкілікті мойындалуы үшін тұқымның тұрақтылығы мен халықаралық талаптарға сәйкестігін растау қажет.