Димаш алғаш рет Тоқаев сыйлаған тазыны көрсетті

Сырым Қаржас
Instagram / kudaibergenov.dimash

Әнші Димаш Құдайберген Қазақ тазысы күніне орай Instagram парақшасында иттермен және Қазақстан президентінің тұлпарымен түскен суреттерін жариялады. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіне тазы сыйлағанын айтып, оған Ғарышкер деген ат қойғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Алғашқы суретте әнші қазақстандықтарға жақсы таныс Ақжан есімді тұлпарымен бірге түскен. Димаш мемлекет басшысының жылқысымен серуендеуді «үлкен мәртебе» деп атады.

Екінші суретте – өнерпаздың жанында президенттің Нэнси және Наурыз атты тазылары. Димаш бұл ерекше кадрлар үшін президенттің телерадиокешеніне алғысын білдірді.

Жаңа мереке

3 қыркүйекте елімізде алғаш рет Қазақ тазысы және төбет күні атап өтіліп жатыр. Бұл мереке 2026 жылы атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді.

Тазы мен төбет ғасырлар бойы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің бір бөлігі болған. Тазыны аңшылықта пайдаланса, төбеттер малды қорғау үшін қолданылған. Тазыға ұқсас иттердің бейнелері көне петроглифтерде де кездеседі.

XX ғасырда екі тұқымның да саны азая бастаған. Оларды сақтап қалу үшін 2023 жылы арнайы заң қабылданды.

Қазір асыл тұқымды есеп жүйесінде шамамен 4 мың тазы тіркелген. Ал төбеттердің саны әлі есептеліп жатыр. 2026-2027 жылдары мамандар өңірлерді аралап, арнайы экспедициялар жүргізіп жатыр.