Елдің бір өңіріне циклон жақындап келеді: ауа райы күрт өзгереді

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Қазақстанның батысына орталығы Самараның үстінде орналасқан циклон жақындап келеді. Оның әсерінен жаңбыр, кей жерлерде жауын-шашын мол түсіп және ауа температурасы айтарлықтай төмендейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Батыста ауа температурасы төмендейді

Батыс өңірлерде түнгі температура +12…+21 градустан +7…+16 градусқа дейін, күндіз +15…+25 градустан +13…+23 градусқа дейін төмендейді.

Солтүстік-батыста түнде ауа температурасы +13…+20 градустан +5…+15 градусқа дейін, күндіз +20…+30 градустан +15…+25 градусқа дейін төмендейді.

Қалған өңірлерде күн жылы болады

Еліміздің басқа өңірлерінде жазғы ауа райы сақталады. Солтүстікте, орталықта, оңтүстікте және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында кей жерлерде өткінші жаңбыр жауады.

Ал шығыста ашық, жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Бұл өңірде антициклон ықпал етеді.

Контекст

Бұған дейін «Қазгидромет» 7 қыркүйекте Павлодар, Алматы, Қарағанды, Астана және басқа да қалаларда қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы ескерткен еді.

Мұндай кезде ластаушы заттар атмосферада нашар тарайды, соның салдарынан ауадағы ластану деңгейі айтарлықтай жоғарылауы мүмкін.