Желіде Каспий теңізінің жағалауындағы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі деген резиденцияның видеосы тарады. Видео авторы кадрдағы нысан бұрынғы президенттің демалатын орны болғанын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Толығырақ
Автордың айтуынша, резиденция Кендірлі курорттық аймағында орналасқан. Зәулім ғимарат елді мекендерден алшақ, теңіз жағасында тұр.
– Кезінде Назарбаев көкеміздің демалған жері. Кендірлі ғой мынау. Екі жағы теңіз. Іші де жақсы жөнделген. Қай жыл болды екен? 2015 жыл ма? Керме төбелер... Теңізге қарайтын көрінісі әдемі екен! – дейді видео авторы.
Кадрлардан ғимараттың біраз жылдан бері қараусыз қалғанын аңғаруға болады.
Қазнеттің реакциясы
Желі қолданушылары бұл нысанды қайта жөндеп, демалыс аймағын ел игілігіне беруді ұсынды. Олар өңірдің ғана емес, тұтас ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген мұнайшыларға бұл жерді пайдалануға беру керек деген пікір білдірді.
Дегенмен кейбір қолданушылар видеодағы ғимараттың «бұрынғы президенттің сарайы» екеніне күмән келтірді. Олардың сөзінше, нысан «Маңғыстаумұнайгазға» тиесілі болуы мүмкін. Ал Назарбаевтың резиденциясы осы маңда орналасқан деген пікір айтылды.
Контекст
Бұған дейін желіде Ақтаудағы бұрынғы президент резиденциясының аумағында орналасқан деген болжам жасалған монша кешенінің кадрлары тараған еді. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл Нұрсұлтан Назарбаев пайдаланған монша болуы мүмкін деп топшылаған.
Ulysmedia.kz тілшілері жұмбақ нысанның расымен резиденция қоршауының ар жағында орналасқанын анықтап көруге тырысқан.