Арыста мас күйінде көлік айдап, алты адамды қағып кеткен мектеп мұғалімі Бибінұр Қасымоваға сот үкімі шықты. Апат салдарынан төрт адам қаза тапқан. Олардың арасында жүкті әйел мен екі кішкентай бала бар. Сот Қасымованы 9 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда ол үкім шыққаннан кейін бірден колонияға жіберілмейді. Жазаны не себепті өтеу кейінге қалдырылды және қаза болғандардың туыстары не дейді — Ulysmedia.kz анықтап көрді.
Тоғыз жыл, бірақ әзірше үйінде
Сот Бибінұр Қасымованы кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған көлік құралдарын басқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Алайда әйел жазасын қазірден бастап өтемейді. Бұрын мұғалім болып жұмыс істеген Қасымованың асырауында ерекше қажеттілігі бар кәмелетке толмаған баласы бар. Осыған байланысты сот бас бостандығынан айыру жазасын бір жылға кейінге қалдырды.
– ҚР ҚК 58-бабының 2-бөлігіне сәйкес, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы Бибінұр Қасымоваға түпкілікті өмір бойы көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын) — «Асырауында жас баласының бар болуына байланысты оған тағайындалған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы 1 жыл мерзімге кейінге қалдырылсын, – деп үкімді оқыды Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Марат Күздеубаев.
Көлік қоршауды бұзып, аулаға кіріп кеткен
Оқиға маусым айында Арыста болған. Көлік тізгінінде 52 жастағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі отырған. Кейін оның мас күйінде болғаны анықталды.
Сол күні жеке үйдің маңында ересектер мен балалар жүрген. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік кірпіш қоршауға соғылып, оны бұзып өтіп, аулаға кіріп кеткен. Салдарынан көліктің астында алты адам қалған.
Қаза болғандардың туыстары Ulysmedia.kz-ке жүргізушінің көлікті тоқтатуға әрекет жасамағанын айтқан.
– Баламызды топырақтың астынан таптық. Келінімді соққының күшімен сарайға лақтырып жіберген. Соққы өте қатты болған. Жүргізуші тіпті тежегішті баспаған. Полиция қызметкерлері келген, мұнда тежегіш іздерінің ешқайсысы жоқ, – деген еді қаза болғандардың туысы Ғани Айдаров.
30 жастағы Айшолпан ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Ол жүкті болған. Апат салдарынан тағы екі бала қаза тапты. Бірнеше адам түрлі жарақат алған.
Жалпы жол апатынан төрт адам қаза болды.
«Менің үйімнен үш адам қаза тапты»
Марқұмдардың туыстарының екі отбасы Қасымовадан моральдық шығын ретінде 80 млн теңге өндіріп беруді сұраған. Сот талапты ішінара қанағаттандырып, 35 млн теңге төлеуге міндеттеді. Алайда бұл шешім қаза болғандардың жақындарын қанағаттандырмады.
Ақайша Манатованың айтуынша, сол жол апатынан оның отбасы бірден үш жақынынан айырылған.
– Менің бір өзімнің үйімнен 3 адам кетіп отыр. Сол үшеуіне 9 жыл аз ғой тіпті. Оның жаны аман. Өзі аман-есен жүр. Бұл әділеттілік қайда? Біз бұған қанағаттанбаймыз. Апелляцияға береміз, – деді ол.
Әйел әсіресе өтемақы көлеміне наразы.
– Адамның өтесі бар деген. Сонда немене, менің келінім мен немерем 10-ақ млн ба? Қайда әділ шешім? – деп сұрады марқұмдардың туысы.
Отбасы сот үкіміне шағым түсірмек.