Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биылғы жылдың алғашқы сегіз айында қаржы секторына қатысты бірқатар шара қабылдады. Осы кезеңде микроқаржыландыру және коллекторлық агенттіктер нарығында жұмыс істейтін 13 ұйым лицензиясынан айырылды. Тағы алты ұйымның лицензиясы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
279 тексеру жүргізілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаржы нарығын реттеу мен дамытудың сегіз айдағы қорытындысы таныстырылды.
Агенттіктің қадағалау қызметі аясында жыл басынан бері қаржы секторы субъектілеріне 279 инспекторлық тексеру жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша 190 қадағалау шарасы қолданылып, жалпы сомасы 465 млн теңге айыппұл салынған.
Сонымен қатар микроқаржыландыру және коллекторлық агенттіктер нарығындағы 13 субъект лицензиясынан айырылды. Тағы алты ұйымның лицензиясы уақытша тоқтатылды. Төрт коллекторлық агенттік тиісті тізілімнен шығарылды.
Банктердің активтері 75,6 трлн теңгеге жетті
Есепке сәйкес, банктердің активтері жыл басынан бері 6,9 пайызға өсіп, 75,6 трлн теңгеге жеткен. Капиталдың жеткіліктілігі 20,7 пайызды құрады.
Экономиканы қаржыландыру көлемі де артқан. Бизнеске берілген кредиттер 3,5 пайызға өсіп, 16 трлн теңгеге жетті. Ал кәсіпкерлікке жаңадан берілген кредит көлемі жыл басынан бері 19,1 пайызға артып, 12,5 трлн теңгені құрады.
Тұтынушылық несие өсімі баяулаған
Агенттік халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту бойынша қабылданған шаралардың нәтижесін де таныстырды. Соның нәтижесінде жеті айда тұтынушылық кредиттің өсімі 4,6 пайызға дейін баяулаған.
Биыл шілдеден бастап мерзімі өткен берешекті реттеуге арналған Finkelisim.kz платформасы іске қосылды. Ал жыл соңына дейін азаматтардың қаржы ұйымдарына қатысты арыз-шағымдарын қарау үшін Бірыңғай қаржы омбудсмені кеңсесі жұмысын бастайды.
Бұдан бөлек, қаржы нарығын цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Агенттік FinAI бірыңғай қадағалау платформасын әзірлеген. Жыл соңына дейін қаржы нарығына жасанды интеллектіні енгізу стратегиясы дайындалады.
Контекст
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешектің үлесі бір жыл ішінде 4,9%-дан 3,9%-ға дейін төмендегенін хабарлаған едік. Халыққа берілген қарыздар бойынша бұл көрсеткіш одан да айтарлықтай азайып, 7,4%-дан 5,1%-ға түсті.