Мектептерде орамал тағуға қатысты дау мектеп формасы мәселесінен басталып, үлкен жанжалға ұласты. Оқу-ағарту министрлігінің талапты бұзған жекеменшік мектептер лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін мәлімдемесінен кейін Қарағандыдағы педагог Қазақстанның экономикасы құлдырауын тілеп, Алладан елді «күйретуін» сұраған. Кейін оның жазбасы қоғамда қызу талқыға түсіп, мұғалім оны өшіріп, кешірім сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Орамал дауы жаңа жанжалға ұласты
Бәрі Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәлімдемесінен басталды. Министр мектеп формасына қойылатын талап барлық білім беру ұйымына, соның ішінде жекеменшік мектептерге де ортақ екенін айтты. Мектеп оқушы қыздарға хиджаб киюге рұқсат берсе, оған лицензиядан айыруға дейінгі шаралар қолданылуы мүмкін.
Осы мәлімдемеден кейін әлеуметтік желіде қызу талқылау басталды.
Threads желісіндегі жазбасында Жарқын Әдікәрімов Қазақстанның экономикасы құлдырауын тілеген.
– Қазақтарға, Қазақстанға Алланың мықты бір азабы керек болып тұр. Күшті бір экономикалық зардап шегетін, экономикасы құлдырап кететін. Иә, Алла күйретші. Әмин, – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Бұл жазба көп ұзамай әлеуметтік желіде тарап кетті. Қолданушылар өз елінің экономикалық күйреуін тілеген азаматқа наразылық білдіріп, құқық қорғау органдарын оның жазбасына назар аударуға шақырды.
Ол мектепте мұғалім болып шықты
Көп ұзамай даулы жазбаның авторы жай ғана әлеуметтік желі қолданушысы емес екені белгілі болды. Жарқын Әдікәрімов Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатта информатика пәнінен сабақ береді.
Педагогтің жұмыс орны анықталғаннан кейін мектепке шағымдар түсе бастаған. Кеше журналистер дауға қалған мұғаліммен сөйлесу үшін мектепке барған.
Әдікәрімов мемлекет тарапынан жекеменшік мектептерге қатысты ұстанымға және хиджаб мәселесіне наразы болғанын айтты. Қазақстанның экономикалық күйреуін тілеген сөзін эмоциямен жазғанын түсіндірді.
– Мен мұны эмоциямен жаздым, жай ғана өзімді ұстай алмадым. Сондықтан қазақ халқынан кешірім сұрағым келеді. Иә, ашуға беріліп кеттім. Мен өз елімді жақсы көремін, патриотпын және Қазақстанға ешқашан жамандық тілемегенмін, – деді Әдікәрімов.
Ер адамның қыздары бар болып шықты. Оның айтуынша, қыздары орамал тақпайды.
Полиция не дейді?
Ulysmedia.kz Қарағанды облысының полиция департаментіне мұғалімнің жазбасына құқықтық баға беру туралы сауал жолдады.
Полиция мәліметінше, аталған жағдай бойынша тексеру жүргізілген және жазбаны автордың өзі өшірген.
Редакция тексеру нәтижесіне қатысты ресми түсінікті күтіп отыр.