Мирзиеевтің қызы тағы бір жоғары лауазымды қызметке тағайындалды

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің үлкен қызы Саида Мирзиеева тағы бір жоғары қызметке тағайындалды. Шавкат Мирзиеев оны Ташкент халықаралық қаржы орталығының басқарушысы етіп тағайындады. Сонымен қатар Мирзиеева 2025 жылдан бері атқарып келе жатқан президент әкімшілігінің басшысы қызметін сақтап қалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Жаңа қызметте немен айналысады

Саида Мирзиеева жаңа қызметінде қаржы орталығын іске қосу жұмыстарын үйлестіреді, қажетті құжаттарды әзірлейді және мемлекеттік органдар мен жаңа алаңның құрылымдары арасындағы жұмысты жолға қояды. Сондай-ақ ол қаржы орталығын халықаралық ұйымдармен, инвесторлармен және ел ішіндегі әрі шетелдегі серіктестермен келіссөздерде таныстырады.

Бұдан бөлек, Мирзиеева кадрлық шешімдерге де ықпал ете алады. Атап айтқанда, ол орталық әкімшілігінің атқарушы директоры мен оның орынбасарларын тағайындауға қатысып, қаржы реттеушісінің басшылығына қатысты ұсыныстар енгізеді.

Мирзиееваның өкілеті бұған дейін де кеңейген

Жақында Өзбекстанда «Президент әкімшілігі туралы» заң қабылданып, әкімшілік басшысының өкілеттігі едәуір кеңейтілді. Саида Мирзиеева енді Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметін де атқарады. Ал Қауіпсіздік кеңесін оның әкесі Шавкат Мирзиеев басқарады.

Жаңа заң әкімшілік қызметкерлерінің бір бөлігіне кеңейтілген иммунитет беруді де көздейді. Кейбір лауазымды тұлғалар үшін бұл иммунитет өмір бойы сақталса, басқарушы қызметкерлерге қызметтен кеткеннен кейін де бірнеше жыл қолданылады.

Бұған дейін сарапшылар Мирзиееваның позициясының күшеюін оның билік жүйесіндегі ықпалының артуымен байланыстырған.

Қаржы орталығы туралы не белгілі

Ташкент халықаралық қаржы орталығы туралы заңға Өзбекстан президенті шілде айында қол қойған. Орталық қатысушылары үшін арнайы құқықтық және валюталық режим енгізу, жеке қаржы реттеушісін құру және тәуелсіз коммерциялық сот ашу жоспарланып отыр.

Бұл модель көп жағдайда Қазақстанда құрылған Халықаралық қаржы орталығы «Астанаға» ұқсайды, деп жазды «Азаттық Азия».

Ташкенттегі жаңа орталықтың қатысушыларына 2076 жылға дейін салықтық жеңілдіктер беру жоспарланған.