Шымкентте көршісімен жанжалдасқан 65 жастағы ер адам көз жұмды. Оқиға 9 қыркүйек кешкі уақытта Хамза көшесінде болған. Төбелес бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға қалай болған
Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал үйлердің бірінің ауласында басталып, кейін ер адамдар қақпаның сыртына шыққан. Видеода 39 жастағы ер адамның егде жастағы көршісін бірнеше рет жұдырықпен ұрғаны көрінеді. 65 жастағы ер адам жерге құлағаннан кейін де соққы жалғасқан.
Оқиғаға баланың да куә болғаны белгілі болды.
Ер адам оқиға орнында қайтыс болды
Төбелестен кейін зардап шеккен ер адам есін жимаған. Жақындары жедел жәрдем шақырғанымен, келген дәрігерлер оның қайтыс болғанын анықтады. Марқұмның артында бес баласы қалды.
Күдікті шатырдан табылды
Жанжалдан кейін 39 жастағы ер адам оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін полиция оны ұстады. БАҚ мәліметінше, ол көршісінің үйінің шатырында жасырынған.
Шымкент қаласының полиция департаменті оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеушілер жанжалдың және ер адамның өлімінің барлық мән-жайын анықтап жатыр.