Астанада фельдшер қаза тапқан үйдің бұрынғы басшылары тексеріліп жатыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Астанада Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы үйдің бұрынғы басшыларына қатысты бөлек сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл үйдің қасбеті опырылып, фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапқан еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Мән-жай

Бұл туралы сот отырысы кезінде белгілі болды. Прокуратура іске 2026 жылғы 6 тамыздағы басқа тұлғаларға қатысты материалдарды жеке өндіріске бөлу туралы рапортты қосуды сұрады.

– Бұрынғы басшыларға қатысты мән-жайлар құқықтық бағалаусыз қалған жоқ. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаның әрекетіне тиісті баға беріледі, – деді айыптау тарабы.

Тергеу жалғасып жатыр.

Үйді салған компанияға қатысты не белгілі?

Компанияға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Прокурорлардың түсіндіруінше, үй 2003-2004 жылдары салынған. Ал құрылыс кезінде жіберілген заң бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік тек 2015 жылдан бастап енгізілген.

Сонымен қатар үйге берілетін кепілдік мерзімі де аяқталған, ал үйді салуға қатысы бар адамдар қайтыс болған.

Оқиға қалай болды?

Қайғылы жағдайға бір жылға жуық уақыт өтті. Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы үйге медицина қызметкерлері шақырылған. Сол кезде өтіп бара жатқан адамдардың үстіне кондиционер мен қасбеттің бір бөлігі құлап, бірнеше адам зардап шекті. Фельдшер Ұлдана Мырзуан көмекке ұмтылып, өзі қаза тапты.

Полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша, яғни міндеттерге адал қарамау фактісімен қылмыстық іс қозғады. Іс бойынша үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова сот алдында жауап беріп жатыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол ғимараттың техникалық жағдайын бақыламаған.

Сот отырысы жалғасып жатыр.