Түркияда есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты тергеу аясында «Сұлтан Сүлеймен» және «Чукур» сериалдары арқылы танылған актер Арас Булут Ийнемли ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
TGRT Haber мәліметінше, бүгінге дейін 15 адам ұсталған. Олардың арасында қазақстандық көрерменге танымал түрік сериалдарының актері Арас Булут Ийнемли де бар.
Басылымның жазуынша, 18 қыркүйекте Ыстанбұл жандармериясына тергеуге қатысы бар адамдарды ұстау және олардың үйлерінде тінту жүргізу тапсырылған. Сондай-ақ, күдіктілерге биологиялық сараптама тағайындау көзделіп отыр.
Іс бойынша актерлер, әншілер, кәсіпкерлер, түрлі мекеме иелері мен блогерлер де тексеріліп жатыр.
Қажет тергеу амалдары аяқталғаннан кейін ұсталғандарды жауап алу үшін прокуратураға жеткізу жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін «Зимородок» сериалындағы Сейран рөлімен танылған түрік актрисасы Афра Сарачоғлудың да есірткіге қатысты тергеуде аты аталғаны хабарланған еді.