Ұлыбританиялық әнші Эд Ширан өзінің турына және америкалық рэпер Macklemore-ға қатысты даудан кейін алғаш рет көпшілік алдында пікір білдірді. Филадельфиядағы концертінде ол тыңдармандарынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ширан саяси мәселелерге араласпауға тырысатынын, өйткені музыкасы адамдарды бөлу емес, керісінше біріктіруі керек деп санайтынын айтты.
- Мен ешқашан белсенді музыкант болуды мақсат еткен емеспін. Бірақ бұл жағдай мені сөз бостандығы мен әлемдегі ең күрделі саяси мәселелердің бірі төңірегіндегі маңызды даудың ортасына алып келді. Мен де қателесемін. Сол үшін шын жүректен кешірім сұраймын, - деді Ширан.
Әнші 2023 жылғы 7 қазандағы оқиғалар мен Газадағы жағдайға да тоқталды.
Ол ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылын «сұмдық» деп атап, бұл оқиға еврей халқының ғасырлар бойғы қасіретін одан сайын ауырлатқанын айтты.
Сонымен қатар, Ширан Газада болып жатқан жағдайды «апатты, ақтауға келмейтін және шамадан тыс» деп сипаттады.
Әнші бейбіт тұрғындар мен балалардың қаза табуы, сондай-ақ, Батыс жағалаудағы ахуал өзін қатты алаңдататынын жеткізді.
Еске салайық, дау Macklemore-дың концерттердегі пікірінен кейін басталған. Рэпер Палестинаны ашық қолдап, Газадағы соғысты тоқтатуға шақырған.
Осыдан кейін ол Эд Ширан турының АҚШ-та өтетін концерттерінен шеттетілді.
Ширан бұл шешімді өзі емес, турды ұйымдастырушы тарап қабылдағанын мәлімдеді.
Macklemore кеткеннен кейін Ширанмен бірге өнер көрсетіп жүрген басқа да әртістер қалған концерттерге қатысудан бас тартты.
Осылайша, турға қатысушылардың біріне қатысты жағдай кейін сөз бостандығы мен музыканттардың Газа соғысына қатысты ұстанымы төңірегіндегі ауқымды пікірталасқа ұласты.