Студентті мүгедек еткен жол апаты: әкімнің ұлына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Сырым Қаржас
Видеодан алынған кадр

Павлодар облысында Астана – Павлодар тасжолында болған ауыр жол апатына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Көлікті Арыс қаласының әкімі Қайсар Манқараевтың 22 жастағы ұлы басқарған. Апат салдарынан Талғат есімді студент ауыр жарақат алып, дәрігерлер оның екі аяғын да ампутациялауға мәжбүр болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жол апаты қалай болды?

Жол апаты 2026 жылғы 29 мамырда болған. Автокөлік жол жиегіндегі темір қоршауға соғылған. Қоршау көліктің салонын тесіп өтіп, жолаушыны ауыр жарақаттаған.

Талғат клиникалық өлімді бастан өткерген. Кейін дәрігерлер оның екі аяғын да ампутациялауға мәжбүр болған.

Іс денсаулыққа ауыр зиян келтірген жол қозғалысы ережелерін бұзу бабы бойынша тергелген.

Іс рақымшылық негізінде тоқтатылды

Полицияның мәліметінше, 16 қыркүйекте қылмыстық іс 2026 жылғы 1 шілдеде қабылданған рақымшылық туралы заң негізінде тоқтатылған. Материалдар бекіту үшін Екібастұз прокуратурасына жолданған.

Зардап шеккен тарапқа сотқа азаматтық тәртіппен жүгіну ұсынылған.

Жәбірленушінің әпкесі Гүлсімнің айтуынша, қазір Талғат үйінде, емделуін жалғастырып жатыр. Оған тағы бір ота жасалуы керек. Отбасының сөзінше, емделу мен оңалтуға кететін негізгі шығындар әлі алда.

Бұған дейін Қайсар Манқараев көлікті оның ұлы басқарғанын растаған. Ол тергеу жұмысына араласпайтынын мәлімдеген.