Каспидегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапты

Сырым Қаржас
ашық дереккөз

Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңіз алып кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Теңізге 19 әскери қызметші кеткен

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында болған.

Алдын ала ақпарат бойынша, теңізге барлығы 19 әскери қызметші кеткен. Қазіргі уақытта олардың тоғызының қаза болғаны анықталды. Үш әскери қызметші құтқарылды, оның біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Құтқару жұмыстарына авиация да жұмылдырылды

– Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілген. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды, – делінген хабарламада.

Оқиғаның мән-жайын анықтап, іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен министрлік комиссиясы аттанды.

Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Олардың отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетіні хабарланды.

Министрлік іздестіру жұмыстарының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат деректер нақтыланып, расталғаннан кейін берілетінін мәлімдеді.

Ведомство азаматтарды тек Қорғаныс министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сүйенуге шақырды.