Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Ведомство мәліметінше, қазір оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тергеу жүріп жатыр. Жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнында Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және прокуратура органдарының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
– Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған бірқатар әрекет жүргізіліп жатыр. Қажетті сот сараптамалары тағайындалған, – делінген хабарламада.
Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынған.
Контекст
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Алдын ала мәлімет бойынша, ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан теңізге 19 әскери қызметшіні алып кеткен.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, олардың тоғызы қаза тапқан. Үш әскери қызметші құтқарылды, оның біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиға орнына Қорғаныс министрлігінің комиссиясы аттанған. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштері, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылған.