Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергейтін үкіметтік комиссия құрылды. Комиссияға премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Премьер-министр Олжас Бектенов Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл баруды тапсырды. Комиссия қайғылы жағдайдың себептерін анықтап, қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсетуді ұйымдастыруы керек.
– Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау, еөлік министрліктерінің басшылығы, бас әскери прокурор, шекара қызметінің өкілдері кірді, – делінген үкімет хабарламасында.
Контекст
24 қыркүйекте Каспий жағалауында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде бір топ әскери қызметшіні теңізге ағыс алып кеткен. Қорғаныс министрлігі бұған ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі себеп болғанын хабарлады.
Ведомствоның кейінгі мәліметінше, теңізге 19 әскери қызметші кеткен. Тоғыз адам қаза болды, үшеуі құтқарылды, олардың бірі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бас прокуратура жедел-тергеу тобы құрылғанын және сот сараптамалары тағайындалғанын хабарлады.