Ақтауда жұрт қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алып, Мәңгілік алауға гүл қойып жатыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz

Ақтауда Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні еске алу жалғасып жатыр. Қала тұрғындары Мәңгілік алауға гүл қойып, марқұмдарға арнап жазба қалдырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Ана үшін баласынан айырылу — ауыр қайғы»

Мәңгілік алау маңына қаза тапқан әскери қызметшілердің суреттері мен аты-жөні жазылған тізім қойылған. Мұнда көңіл айту мен тілек жазылған стикерлер де бар.

Ақтау тұрғыны Дамир Жұмалиев марқұмдардың отбасыларына көңіл айтып, кейбір сарбаздардың үйіне қайтуына аз ғана уақыт қалғанын айтты.

— Ата-аналарына көңіл айтамын. Мұндай қайғыны көтеру өте қиын. Ана үшін баласынан айырылу — ауыр қасірет. Оның үстіне кейбірінің әскерден қайтуына бір апта ғана қалған екен, — деді ол Ulysmedia тілшісіне.

Еске алу орнына шетелдік туристер де келіп жатыр

Жазбалардың бірін Қытайдан келген турист қалдырған.

Ол Ақтауға бүгін ғана келгенін және Каспийде болған қайғылы оқиға туралы естігенін айтты. Стикерге әлемде бейбітшілік болсын деген тілек жазған.

— Бұл — бүкіл әлемде тыныштық орнасын деген тілек. Әрдайым бейбіт өмір сүріп, соғыс болмасын, — деді ол.

Каспийдегі қайғылы оқиға

24 қыркүйекте «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметші суға кетті. Олардың үшеуі аман қалды, 14-і қаза тапты.