Өскемен тұрғындары қаланың әр ауданында егеуқұйрық қаптағанын айтып, шағымданып жатыр. Кеміргіштер қоқыс жәшіктерінің маңында ғана емес, аулаларда, жертөлелерде, балалар алаңдарында және көлік тұрақтарының маңында да кездеседі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Бүкіл қалада егеуқұйрық көбейіп кетті»
YK-news мәліметінше, қала тұрғындарының бірі жұмыстан үйге қайтар жолда Потанин көшесінен небәрі бес минуттың ішінде төрт егеуқұйрық көргенін айтқан.
Басқа тұрғындар да Назарбаев даңғылы, Буров көшесі және өзге аудандардағы жағдайға шағымданып жатыр.
- Олар қоқыс маңында ғана емес, аула мен жертөлелерде де көбейіп кетті. Төрт үй бірігіп, арнайы компания шақырып, улаттық, - деп жазды тұрғындардың бірі.
Қала тұрғындарының айтуынша, егеуқұйрықтар көліктің капотының астына кіріп, сымдар мен кабельдерді зақымдауы мүмкін. Күн суыған сайын кеміргіштер үйлерге жиі кіре бастауынан қауіптенетіндер көп.
Егеуқұйрықтар Гагарин бульварында, Абай, Әуезов және Сәтбаев даңғылдарында, сондай-ақ, Астана, Қазақстан, Космическая, Қабанбай батыр, Чехов, Қайсенов, Виноградов, Тимирязев, Крылов, Тоқтаров, Горький көшелерінде және қаланың басқа бөліктерінде де байқалған.
Қай жерлерде жағдай күрделі?
2026 жылдың басынан бері санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына e-Otinish арқылы кеміргіштерге қатысты 20 өтініш түскен.
Ведомство мәліметінше, Сәтбаев, Әуезов және Назарбаев даңғылдарының кей бөліктерінде, сондай-ақ, Потанин, Мызы және Нұрмағамбетов көшелерінде жағдай күрделі болып отыр.
Мамандар егеуқұйрық санының артуына дератизация жұмыстарының жеткіліксіз жүргізілуі, қоқыс контейнерлерінің толып қалуы, қоқыстың дер кезінде шығарылмауы, ретсіз қоқыс орындары мен аумақтардың қоқысқа толып кетуі себеп болуы мүмкін екенін айтады.
Егеуқұйрықтар қаншалықты қауіпті?
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет кеміргіштер лептоспироз, сальмонеллез, туляремия, хантавирус инфекциясы және басқа да жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы болуы мүмкін екенін еске салды.
Алайда егеуқұйрықтан адамның міндетті түрде инфекция жұқтырады деген сөз емес.
- Жұқтыру қаупі кеміргіштердің санына, олардың жұқпа жұқтыру деңгейіне, аумақтың санитариялық жағдайына және адамның кеміргіштермен немесе олар ластаған ортамен байланысына байланысты, - деп түсіндірді мамандар.
Ведомствоның дерегінше, 2025–2026 жылдары Өскеменде кеміргіштермен байланысты жұқпалы ауру жағдайлары тіркелмеген.