Алакөл мемлекеттік табиғи қорығында көршілес дала аумағынан тараған өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жалын мемлекеттік орман қорының шамамен үш гектар аумағын шарпыған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Өрт 25 қыркүйекте шамамен сағат 15:45-те қорық аумағынан тыс жерде басталып, кейін оның ішіне өткен.
Қорық өкілдерінің мәліметінше, өртті сөндіруге сулы-батпақты жер бедері кедергі келтіріп отыр. Соның салдарынан техника мен өрт сөндірушілердің жекелеген учаскелерге жетуі қиындаған.
Қазір оқиға орнында қорық қызметкерлері, Алакөл орман шаруашылығы және Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жұмыс істеп жатыр. Барлығы 37 адам мен 14 техника жұмылдырылған.
Ми-8 тікұшағы дайындалып жатыр
Өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғаудың» су төгу құрылғысымен жабдықталған Ми-8 тікұшағын да тарту жоспарланып отыр.
Оқиға орнында солтүстіктен соққан желдің жылдамдығы секундына 6–7 метрге жетеді. Ауа температурасы шамамен +22 градус. Өрт қаупінің деңгейі жоғары деп бағаланған.