«Әділдік орнасын»: Астанада қаза тапқан әйелдің туыстары оның 16 жерден пышақталғанын айтты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

23 қыркүйекте Астанада үйінің маңындағы автотұрақта қаза тапқан әйелдің туыстары істің әділ әрі жан-жақты тергелуін және күдіктіге заң аясында барынша қатаң жаза тағайындалуын талап етіп отыр. Іс бойынша марқұмның бұрынғы күйеуі ұсталған. Туыстары мен жақындарының айтуынша, сараптама әйелдің денесіне 16 рет пышақ жарақаты салынғанын көрсеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Әділ болғанын қалаймыз»

Марқұмның жақындары күдіктіні есі дұрыс емес деп тануға әрекет жасалуы мүмкін деп алаңдайды.

- Біз әділдік орнағанын қалаймыз және оның заң аясында барынша қатаң жаза алғанын талап етеміз, - деді олар.

Туыстары ер адамның ықтимал психикалық жағдайы жауапкершіліктен жалтарудың немесе жазаны жеңілдетудің амалына айналмауы керек деп санайды.

- Оның жағдайын жауапкершіліктен құтылу немесе жазаны жеңілдету үшін пайдалануға жол беруге болмайды деп есептейміз. Істің барлық мән-жайы объектив анықталып, кінәлі адам заң аясында тиісті жазасын алуы керек, - делінген мәлімдемеде.

Жазираның жақындары ер адам бұған дейін полицияда қызмет еткенін айтып, бұған дәлелдері бар екенін мәлімдеді.

Ал бұған дейін Астана қаласының Полиция департаменті әлеуметтік желілерде тараған күдіктінің құқық қорғау органдарының қызметкері екені туралы ақпаратты жоққа шығарған еді.

Қайғылы оқиғаға дейін отбасы қоқан-лоқы болғанын айтқан

Бұған дейін туыстары марқұмның бұрынғы күйеуі Жазираға бірнеше рет қоқан-лоқы көрсетіп, күш қолданғанын мәлімдеген.

Олардың айтуынша, тамызда ер адам әйелді қала сыртына алып кетіп, ұрып-соғып, тұншықтырған. Осыдан кейін Жазира полицияға арызданған.

Жақындарының сөзінше, тағы бір оқиға 7 қыркүйекте болған. Сол күні ер адам Жазира жұмысқа жиналып жатқан кезде оған пышақпен келген. Оқиғаға өтіп бара жатқан адамдар араласып, пышақ тәркіленген. Отбасы бұл жағдайдан кейін де полицияға жүгінгенін айтады.

Қоқан-лоқыдан кейін Жазираның ата-анасы Теміртаудан Астанаға келген. Туыстары оны жұмысқа шығарып салып, жұмыстан кейін күтіп алып жүрген. Ал ағасы қауіпсіздігі үшін бірге еріп жүруге көмектескен.

Отбасының айтуынша, олар әйелге қауіп төнуі мүмкін екенін түсініп, оны жалғыз қалдырмауға тырысқан.

Марқұмның әріптестері Жазира қайтыс болардан аз уақыт бұрын ипотекаға пәтер сатып алып, екі қызымен бірге қоныс тойына дайындалып жүргенін айтқан.

Қайғылы оқиға болған күні оған жаңа диван жеткізілген. Әйел жұмыстан кейін үйіне тезірек барып, жаңа жиһазын көргісі келген.

Жазира байланысқа шықпай қалған кезде ағасы оның геолокациясын тексерген. Автотұрақтағы шабуыл бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Марқұмның артында 10 және 6 жастағы екі қызы қалды.