Каспийде әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін әлеуметтік желілерде ескі видеолар, жасанды интеллект көмегімен жасалған контент және оқиғаға қатысты расталмаған түрлі нұсқалар тарай бастады. Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы мұндай жазбалардың бірнеше авторы жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қаза тапқандар саны туралы жалған ақпарат
Әлеуметтік желілерде тараған нұсқалардың бірінде қаза тапқандардың нақты саны әдейі жасырылып отыр деген пікір айтылды.
Орталықтың мәліметінше, деректер іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатқан кезде кезең-кезеңімен нақтыланып отырған. Ресми қорытынды мәлімет бойынша, 14 әскери қызметші қаза тапқан. Қорғаныс министрлігі олардың аты-жөнін де жариялады.
Әскерилерді тікұшақтан теңізге түсірген деген нұсқа
Тағы бір кең тараған ақпаратта әскери қызметшілерді теңізге тікұшақтан түсіргені айтылды.
Ресми органдар жариялаған тергеу деректеріне сәйкес, әскери міндеттер катер арқылы жүрген.
Әлеуметтік желілерде тікелей басшылық еткен командир мас болған деген ақпарат та тарады. Орталықтың мәліметінше, ол өз қарамағындағы әскери қызметшілермен бірге қаза тапқан. Оның масаң күйде болғанын растайтын дерек жоқ.
Ескі видеолар қайғылы оқиғаға қатысты кадрлар ретінде таратылған
Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілерге қатысты деп таратылып жатқан видео жалған болып шықты.
Тексеру барысында бұл видеоның Каспийдегі қайғылы оқиғадан бұрын, тамызда-ақ интернетте жарияланғаны анықталды.
Сондай-ақ, қазақстандық әлеуметтік желілерде жағалауда түсірілген қойылымдық видео қаралы күндердегі кадр ретінде тарады. Шын мәнінде, бұл видео Марокконың Танжер қаласында түсірілген.
Орталық мемлекет бұл оқиғаны тергеп жатқан жоқ деген мәлімдемелерді де жалған ақпарат деп атады.
Жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін
Орталық Қылмыстық кодекстің 274-бабында көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Бұл бап бойынша ең ауыр жаза үш жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Ал мұндай әрекет ауыр зардаптарға әкеп соқса, жаза бес жылға дейін ұлғаюы мүмкін.