Алматы тұрғындары жер сілкінісін сезді: ТЖМ не дейді?

pixabay

Бүгін таңертең Алматының әр ауданындағы тұрғындар жер дүмпуін сезгенін айтты. Көпшілік таңғы сағат 6:30 шамасында оянып, алғашында солай көрінген шығар деп ойлаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Threads желісінде бұл туралы жазбалар бір мезгілде дерлік жариялана бастады. Тұрғындардың сөзінше, таңғы 6:31–6:33 шамасында қысқа, бірақ анық сезілген дүмпу болған. Кейбірі оған дейін гуіл естігенін айтады.

– Осыдан оянып кеттім. Алғашында маған солай көрінді деп ойладым.

Дүмпуді Ақсай-4, Ақсай-5, Жоғарғы Каменка және Достық шағынаудандарының тұрғындары сезгенін жазған.

– Алматы! Жер сілкінгені маған ғана сезілді ме? Еш жерде бұл туралы жаңалық жоқ. Бірақ алдымен гуілді анық естідім, артынша қысқа ғана дүмпу болды да, біртіндеп басылды, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Алайда дүмпуді қала тұрғындарының бәрі бірдей сезбеген. Мәселен, Бостандық ауданы мен Таугүл шағынауданының тұрғындары таңертең ешқандай ерекше жағдай байқамағанын жазған.

ТЖМ не дейді?

Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі сейсмикалық оқиғаның болғанын растады.

Ұлттық сейсмологиялық байқау және зерттеу ғылыми орталығының мәліметінше, жер дүмпуі 28 қыркүйекте Астана уақытымен сағат 6:32-де Қазақстан аумағында тіркелген.

– Алматы қаласында сезілген жоқ, – деп хабарлады министрлік.

Жер сілкінісіне байланысты 112 және 101 нөмірлеріне ешқандай қоңырау немесе өтініш түспеген.