Алматыда таңертең екі рет жер сілкінді

28 қыркүйекте таңертең Алматы тұрғындарын жер сілкінісі оятты. Араға бірнеше сағат салып қалада тағы да дүмпу сезілді. Екінші жер сілкінісінен кейін алматылықтардың телефондарына ескерту хабарламасы келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алғашқы дүмпу Астана уақытымен сағат 6:32-де тіркелді. Қаланың әр ауданындағы тұрғындар әлеуметтік желіде қысқа болғанымен, анық сезілген дүмпу болғанын жазды. Кейбірі оған дейін гуіл естігенін айтқан.

— Осыдан оянып кеттім, алғашында маған солай көрінді деп ойладым, — деп жазды алматылықтар.

— Жер сілкінгені маған ғана сезілді ме? Бұл туралы еш жерде жаңалық жоқ. Бірақ алдымен гуілді анық естідім, кейін қысқа ғана дүмпу болды да, біртіндеп басылды, — деп жазды қала тұрғындарының бірі.

Алайда дүмпуді бәрі бірдей сезбеген. Бостандық ауданы мен Таугүл тұрғындары таңертең ешқандай ерекше жағдай байқамағанын хабарлады.

Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі сейсмикалық оқиғаның болғанын растады. Алайда ведомство Алматыда дүмпу сезілмегенін мәлімдеді. 112 және 101 нөмірлеріне қоңыраулар түспеген.

Екінші дүмпу

Араға бірнеше сағат салып Алматыда тағы да жер сілкінді. Бұл жолы дүмпу анық сезілген.

Кейін қала тұрғындарының телефондарына ұлттық ескерту хабарламасы келді.

Хабарламада тұрғындардан қосымша нұсқау берілгенге дейін ашық жерде болу сұралған. Ғимарат ішінде қалғандарға сабыр сақтап, жақындарына өздерінің қайда екенін хабарлау ұсынылған.

Сондай-ақ, тұрғындарға ғимараттардың зақымданғанын немесе өрт шыққанын байқаса, Төтенше жағдайлар департаментіне хабарласу керегі ескертілген.

Екінші дүмпуге қатысты ресми мәлімет әзірге нақтыланып жатыр.

Контекст

Өңірдегі сейсмикалық белсенділік әлі де басылған жоқ.

24 қыркүйекте сейсмологтар Каспий теңізі акваториясында магнитудасы 3,1 болатын жер сілкінісін тіркеген.

2026 жылдың басынан бері Каспий аумағында 50-ден астам жер сілкінісі болған. Олардың ішіндегі ең қуаттысының магнитудасы 5,1-ге жеткен.