Қазақстан Қара теңіздегі кемелерге дронмен жасалған шабуылдар мәселесін Украина тарапымен тікелей көтерді. Бұл туралы сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Нью-Йоркте украиналық әріптесі Андрей Сибигамен кездескеннен кейін Ulysmedia.kz-ке берген эксклюзив сұхбатында айтты.
Киевпен әңгіме
Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында Украина және Ресей сыртқы істер министрлерімен кездесті.
Оның айтуынша, Украина тарапымен Қара теңіздегі кемелердің қауіпсіздігі сөз болған.
– Ең алдымен Украина тарапымен бұдан былай Қара теңіздегі біздің кемелерге дронмен шабуыл жасауға жол бермеу қажетін талқыладық, – деді Қазақстан СІМ басшысы.
Қазақстан бұл мәселені бұған дейін де бірнеше рет көтерген.
Шілдеде Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр консорциумы инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдаған азаматтық танкерлерге дронмен жасалған шабуылдарды айыптаған. Сол кезде Астана болған жағдайды елдің экономикалық мүдделеріне қол сұғу деп бағалаған.
Келесі оқиға 8 қыркүйекте КҚК-ның теңіз терминалы маңында болды. Дронға байланысты ВПУ-2 және ВПУ-3 нысандарында мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылған.
Жабдықтар мен танкерлер тексерілгеннен кейін жұмыс қайта жалғасқан. Қазақстан мұнайын қабылдауға ешқандай шектеу қойылмаған.
КҚК – Қазақстан мұнайын экспорттайтын негізгі бағыттардың бірі. Елдің мұнай экспортының басым бөлігі Қара теңіздегі осы инфрақұрылым арқылы өтеді.
Қазақстан шілдеде КҚК кемелеріне жасалған шабуыл мәселесін ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысында да көтерген.
Астана келіссөз өткізуге дайын
Осы сапар барысында Мұхтар Тілеуберді Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен де кездесті. Қазақстан министрінің айтуынша, Ресей тарапы соғысты мүмкіндігінше тез аяқтау үшін Украинамен келіссөз бастауға шақырылған.
Қазақстан Мәскеу мен Киевтің өзі келісім білдірсе, келіссөз өткізу үшін алаң ұсынуға дайын.
– Егер екі тарап та келіссөзді Қазақстанда өткізгісі келсе, біз қарсы емеспіз. Бірақ біздіңше, бұл мәселені екі елдің өзі шешуі керек. Өйткені жауапкершілік өте жоғары. Ешбір делдал сырттан араласып, бұл мәселені олардың орнына шеше алмайды, – деді Тілеуберді.
Қазақстан сыртқы істер министрі берген сұхбатты мына материалдан оқуға болады.