Каспийде қаза тапқан әскери қызметшілер туралы TikTok-та пікір білдірген шымкенттік блогер 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
21 жастағы Нұрахмет Бердібай TikTok желісінде тікелей эфир жүргізген. Көрермендердің бірі қаралы күн туралы айтқанда, ол: «Қаралы күн? Біз үшін өлді ме?» деп жауап беріп, артынша балағат сөз айтқан.
Полиция бұл тікелей эфирді әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде анықтаған.
Бердібаймен бірге эфирге оның 22 жастағы екі досы - Абзал Мұсылманқұл мен Бақдәулет Мұстафа да қатысқан.
Үшеуіне де ресми ескерту жасалып, бір ай мерзімге профилактикалық есепке қойылды.
Ал даулы сөзді айтқан Бердібай бұған қоса 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде болған. 17 әскери қызметші суға кетіп, оның 14-і қаза тапты.
Кейін әскери қызметшілердің құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегені белгілі болды.
Бас прокуратура салғырттық және кеме жүргізу қағидаларын бұзу деректері бойынша қылмыстық іс қозғады. Бірнеше командир ұсталды.
Қайғылы оқиғадан кейін мерзімді әскери қызметтегі екі сарбаздың туыстары олардың есімдерін аман қалғандар тізімінен таппай, қайда жүргенін сұраған еді.
Қорғаныс министрлігі екі матростың да сол күні тапсырманы жағалауда орындағанын және қазір әскери бөлімде жүргенін түсіндірді.
Ал ұсталған Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары Данияр Хайрушевтің қызы тергеу аяқталмай тұрып асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Ол қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, кінәлілер жауапқа тартылуы керек екенін жеткізді. Сонымен бірге әкесінің өзге адамдар қабылдаған шешімдер үшін жауапқа тартылып кетуінен қауіптенетінін айтты.